Мемлекет басшысы Ұлытау облысындағы "Қазақмыс" корпорациясына қарасты кеніште болған қайғылы оқиғаға байланысты еңбек қауіпсіздігі саласында қатаң сақталуға тиіс жағдайларға назар аударды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақорданың хабарламасында бекітілген талаптар өрескел бұзылған фактілер бары, нысандардың өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесімен жабдықталу деңгейі өте төмен екені айтылады.
"Компаниялар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаларға тиісті мөлшерде инвестиция салмайды. Мұның барлығы техногенді апаттарға, жұмысшылардың қаза табуы мен жарақат алуына әкеп соқтырады", - деп жазылған хабарламада.
Президент қатерлі өндіріс орындарында жұмыс істейтін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Үкіметке мынадай шаралар қабылдауды тапсырды:
"Мемлекет басшысының бұл тапсырмаларын Президент әкімшілігі ерекше бақылауда ұстайды", - деп жазылған хабарламада.
2025 жылы 17 ақпанда Ұлытау облысы "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылғаны туралы ақпарат тарады. Оқиға салдарынан шахтаның 7 қызметкері үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та жоғалды.
Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, ТЖМ психологтары жұмылдырылды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы төтенше жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
2025 жылы 18 ақпанда ТЖМ жеті жұмысшы да өлі табылғанын, олардың жеке басын анықтау үшін сараптама жүргізілетінін хабарлады.
"Жомарт" кеніші Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. Ал "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!