• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Ұлытаудағы жеті кеншінің қазасы: Тоқаев Үкіметке шара қабылдауды тапсырды

Ұлытаудағы жеті кеншінің қазасы: Тоқаев Үкіметке шара қабылдауды тапсырды
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Ұлытау облысындағы "Қазақмыс" корпорациясына қарасты кеніште болған қайғылы оқиғаға байланысты еңбек қауіпсіздігі саласында қатаң сақталуға тиіс жағдайларға назар аударды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақорданың хабарламасында бекітілген талаптар өрескел бұзылған фактілер бары, нысандардың өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесімен жабдықталу деңгейі өте төмен екені айтылады.

"Компаниялар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаларға тиісті мөлшерде инвестиция салмайды. Мұның барлығы техногенді апаттарға, жұмысшылардың қаза табуы мен жарақат алуына әкеп соқтырады", - деп жазылған хабарламада.

Президент қатерлі өндіріс орындарында жұмыс істейтін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Үкіметке мынадай шаралар қабылдауды тапсырды:

  1. Нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларының сақталуына қатысты тексеру жүргізу;
  2. Бұл нысандарға заманауи қауіпсіздік жүйесін, соның ішінде газ белгі беру құрылғыларын, сейсмикалық қондырғыларын, позиционирлеу жүйесін және тағы басқа тиісті әдіс-тәсілдерді әзірлеу мен енгізу;
  3. Болжау мен құлақтандырудың автоматтандырылған жүйесін енгізе отырып, нысандарды цифрландыру;
  4. Тексеру қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыс бағдарламаларына түзетулер енгізіп, заманауи өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесіне салынатын инвестиция көлемін ұлғайту жолын қарастыру;
  5. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау мен қадағалау тетіктерін қатаңдату.

"Мемлекет басшысының бұл тапсырмаларын Президент әкімшілігі ерекше бақылауда ұстайды", - деп жазылған хабарламада.

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылы 17 ақпанда Ұлытау облысы "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылғаны туралы ақпарат тарады. Оқиға салдарынан шахтаның 7 қызметкері үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та жоғалды.

Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, ТЖМ психологтары жұмылдырылды. 

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы төтенше жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.

2025 жылы 18 ақпанда ТЖМ жеті жұмысшы да өлі табылғанын, олардың жеке басын анықтау үшін сараптама жүргізілетінін хабарлады. 

"Жомарт" кеніші Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. Ал "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget