• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Ұлытаудағы 7 кеншінің қазасы: оқиға орнында үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр

Ұлытаудағы 7 кеншінің қазасы: оқиға орнында үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Ұлытау өңіріндегі төтенше жағдай орнында үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Ұлытау облысындағы ТЖ орнында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басшылығымен үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.

Комиссия құрамында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Рашид Дубаев бар.

"Оқиға орнында ТЖ қызметі, ІІМ және Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің шұғыл тергеу тобы, сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Комиссия мүшелері оқиға орнында болып, тергеу барысымен танысты. Қаза тапқандардың отбасыларына бірінші кезекте көмек көрсету жөнінде тапсырма берілді", - деп жазылған хабарламада.

Әрі қарай премьер-министрдің орынбасары штаб отырысын өткізіп, қаза тапқандардың туыстарымен кездеседі.

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылы 17 ақпанда Ұлытау облысы "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Оқиға салдарынан шахтаның 7 қызметкері үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та жоғалды.

Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, ТЖМ психологтары жұмылдырылды. 

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы төтенше жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.

2025 жылы 18 ақпанда ТЖМ жеті жұмысшы да өлі табылғанын, олардың жеке басын анықтау үшін сараптама жүргізілетінін хабарлады. 

"Жомарт" кеніші Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. Ал "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget