Ұлытауда марганец рудасын рұқсатсыз өндіріп, 3 млрд пайда тапқан азаматтың ісі сотқа жетті

Ұлытау өңірінде марганец рудасын рұқсатсыз өндіруге және кейін оны заңдастыруға қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап. 

Аталған азамат 2020-2023 жылдар аралығында ешқандай рұқсат құжаттарынсыз Ұлытау облысындағы "Восточный карьерінен" марганец рудасын заңсыз өндірумен айналысқан.

Қылмыс "Қазақстан Ғарыш Сапары" АҚ-ның аэроғарыштық суреттерінің көмегімен анықталған.

Жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактілерін тергеп-тексеру барысында карьер орналасқан жер учаскесін пайдалану жөніндегі уәкілетті органдардан берілмегені, сондай-ақ жоғарыда аталған азаматтың тиісті тіркеуі жоқ екені анықталды.

Кейіннен күдікті жалған шот-фактураларды жазып, заңсыз өндірілген марганец рудасын заңдастырып, республика бойынша және шет мемлекеттерге өткізген.

Марганец рудалары өнеркәсіптің әртүрлі салаларында – металлургияда, химияда, керамикада, шыныда, ал оның қосылыстары – фармацевтика өнеркәсібінде қолданылады. Мемлекетке 1 млрд теңгеден астам шығын келген.

Заңсыз өндірілген кен көлемі 16 мың тонна, жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асады. Күдіктінің 337 млн теңгенің жылжымалы және жылжымайтын мүлкі тәркіленді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина