Әлеуметтік желіде Ұлытау облысының төлтаңбасы қазақстандықтардың наразылығын туғызды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаңа аймақтың төлтаңбасы таңдалғаны туралы ақпарат әкімдіктің Instagram-парақшасында жарияланған.
Жазбада бірнеше ай бойы Ұлытау облысы төлтаңбасының үздік жобасына байқау өткені айтылады. Осылайша, өңірдің басты рәмізіне 130-ға жуық ұсыныс түскен.
Барлық жоба 2022 жылғы 12-18 желтоқсан аралығында арнайы ұйымдастырылған көрме аясында Жезқазған тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылған. Комиссия мүшелері мен көрмеге келген тұрғындар ең үздік 18 эскизді таңдаған. Әкімдік мәліметінше, Ұлытау облысының төлтаңбасын таңдауға өңірдің барлық тұрғыны Instagram парақшасында танымал etozhez парақшасында дауыс беру арқылы қатысуға мүмкіндік алған.
"Төлтаңбадағы орталық орынды Ұлытау тауларын еске түсіретін сурет алады. Алайда таулардың бейнесі тек рельефті жаңғырту ғана емес, бұл - үлкен көркемдік-эстетикалық образ; бостандықтың символы, болашаққа апаратын жол, рухани өрлеудің символы.
Төменгі жағында орналасқан "ŪLYTAU" жазуы таңбалы тас петроглифтері стилінде бейнеленген. Бұл өз кезегінде, біздің өлкеміздің бай тарихын, халықтың бірлігі мен тұтастығының ғасырлар бойғы дәстүрлерін бейнелейді. Ғалымдар таңбалы тасты қазақ халқының алғашқы Конституциясы деп атағаны кездейсоқ емес: мұнда ру өкілдері тастарға петроглифтер ойып, Мәңгілік бауырластықта болуға ант берген", - делінген жазбада.
Әкімдіктің баспасөз қызметі мәліметінше, жеңімпаз атанған жобаны Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі Шахибаден Сейіткенов жасаған.
Алайда бұл жоба Желі қолданушыларына ұнамаған. Олар аймақтың символын бекіткен комиссияның әрекетін сынға алған.
"Әлдеқайда жақсы нұсқалар болды", "Мұндай эмблема ұят, аймақ үшін мақтанатындай ештеңесі жоқ!", "Комиссияның сұлулыққа деген көзқарасы оғаш көрінеді", "Бір қызығы, адамдар пікірде наразылық жазса, бұған кім дауыс берді?" - дейді пікір жазғандар.
Сондай-ақ, Желі қолданушылары жобадағы тауларды тегін кескін алуға мүмкіндік беретін Pixabay.com сайтынан алуға болатынын да айтқан.
Қазақстандықтардың жазбаларына қарағанда, таулардың осыған ұқсас бейнелері басқа да логотиптерде қолданылған.
Ал облыс әкімдігінің Telegram-арнасында конкурс қорытындысы жойылғаны туралы хабарлама пайда болды.
"Облыс эмблемасы мәселесі әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды. Осыған байланысты конкурс қорытындысын және конкурс комиссиясының нәтижелерін жою туралы шешім қабылданды", - деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!