Тоқаев Ұлытау облысының жаңа әкімін тағайындады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Дастан Адайұлы Рыспеков Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды".
Премьер-Министр облыс активімен кездесуде Берік Әбдіғалиұлына өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, жаңа әкімді таныстырды.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Ұлытау облысы басшылығының алдында экономиканы әртараптандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестициялық ахуалды жақсарту, инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ экология мәселелерін шешу, көлік және туристік әлеуетті барынша дамыту бойынша маңызды міндеттер қойғанын атап өтті.
Рыспеков Дастан 1984 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін және ҚазМЗУ Алматы заң академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласындағы Экономика және бюджетті жоспарлау департаменті түсімдерді болжау бөлімінің бас маманы ретінде бастаған.
2007-2016 жылдары Алматы қаласында Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінде, Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясында, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.
2016-2018 жылдары — «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» бухгалтерлік есеп және есептілік департаментінің директоры – бас бухгалтері.
2018-2019 жылдары — Павлодар облысы Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы.
2019 жылдың сәуір айынан бастап «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Экономика және бюджетті жоспарлау департаментінің директоры қызметін атқарды.
2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!