Ұлытау облысы 2025 жылдың алғашқы алты айында тұрақты экономикалық өсім көрсетті. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өңірдің жалпы өңірлік өнімі 1 триллион теңгеге жетіп, 1,1 пайызға артты. Жан басына шаққандағы көрсеткіш – 4,6 миллион теңге. Экономикалық белсенділіктің жоғарылауы облыс бюджетінің кірістерін 20 пайызға ұлғайтып, 29,7 миллиард теңгеге жеткізді.
Өткен жылы экономика құрылымын әртараптандыру аясында құны 34 миллиард теңгені құрайтын тоғыз жоба іске қосылса, биыл 138 миллиард теңгелік 17 жаңа жоба жүзеге асырыла бастады. Олардың ішінде мұнай базасы, жел электр станциясы және респиратор өндіретін зауыт толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Облыс 2028 жылға дейін жалпы құны 920 миллиард теңге болатын 25 ірі жобалық пул құрды. Бұл кемінде 2 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сәтбаев қаласында индустриялық аймақ құру жұмыстары жүріп жатыр. Қазір құны 5 миллиард теңге болатын үш жоба дайындық үстінде. Аймақ іске қосылған соң 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Инфрақұрылым тарту жұмыстары биыл басталып, келесі жылы толық аяқталмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлытау техникалық университетін ашу бойынша жұмыстар басталды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен "Қазақмыс" корпорациясы меморандумға қол қойды. Жоба тау-кен металлургиясы үшін кадр даярлауды күшейтуді көздейді. Университет түлектері Қазақстан және АҚШ дипломдарын қатар ала алады.
Облыс құрылғаннан бері денсаулық сақтау нысандарының жарақтандырылуы 88 пайызға жетті. 333 медициналық құрал сатып алынса, оның 96-сы биыл алынған. Жыл соңына дейін Жаңарқа ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Ералиев ауылында және Жезді кентінде спорттық нысандар ашылады.
Сондай-ақ, газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде облыс тұрғындарының 9,1 пайызы, яғни 20 мыңнан астам адам табиғи газбен қамтылған. 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 63 мың адамға дейін ұлғайтылмақ.
Ұлытау облысының әкімдігі ұсынған материал