Ұлытау облысының мемлекеттік архивіндегі құрал-жабдықтар толықтай жаңартуды қажет етіп тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Себебі қолданыстағы техниканың тозығы жетіп, әупірімдеп әрең істейді. Жыл сайын мәліметтер қоры толығып отыратын мекеме ғимараты да кейінгі кезде тарлық ете бастаған. Ұлытау облысындағы мемлекеттік архивте 360 мыңнан аса құжат сақталған. Фото, бейнежазба мен үлбіреген қағаздардың арасында тарихи маңызға ие материалдар бар. Мамандар оларды ескі техникамен сканерлейді.
"362 мыңнан аса құжаттың ішінде тек 500 мың парақ сандық форматқа көшірілді, яғни цифрландырылды. Ол жұмыс жалғасын табады. Құжаттардың жұмысын жеделдету үшін лицензиясы бар бағдарлама қажет. Сол арқылы барлығына қолжетімді болу үшін Е архив бағдарламасына енгізуіміз қажет", - дейді облыстық мемлекеттік архив басшысының міндетін атқарушы Фатима Жақсыбекова.
Архив қызметкерлерінің жұмысына арнайы сканер мен заманауи компьютердің жоқтығы қолбайлау болып тұр. Көне құжаттар мен тарихи деректер сақталатын мекемедегі көкейкесті мәселе бұл ғана емес.
"Бүгінгі күні кадр мәселесі де архив саласында өзекті мәселенің бірі. Ол бойынша бірінші кезекте жалақының аздығы дейді. Шынымен мұнымен мен келісемін. Бірақ та бұл архив саласындағы мамандар негізінен тарихшылар. Олар бізде аз, сондықтан оларды тарту қиынға соғады", - дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдин.
Салаға жауаптылар: "Мекеменің құрал-жабдықтары биыл жаңартылады, сол кезде көне құжаттарды сандық жүйеге көшіру ісі қарқын алады", - деп сендірді. Ал ғимаратты кеңейту үшін жоба жасалып, жаңасын салу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова