- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- шахта туралы
Ұлытау облысындағы шахтадағы төтенше жағдай: жеті адам өлі табылды

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясына қарасты "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Құтқарушылар жеті жұмысшының денесін тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ресми мәліметті Төтенше жағдайлар министрлігі жариялады.
"Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-не тиесілі кеніштен жеті қызметкердің денесі табылды. Олардың жеке басы анықталып жатыр. Қайтыс болған жеті жұмысшының денелері жоғарыға көтеріліп, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды", - деп жазылған хабарламада.
Оқиғаның мән-жайы
2025 жылы 17 ақпанда "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Оқиға салдарынан шахтаның 7 қызметкері үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та жоғалды.
Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, ТЖМ психологтары жұмылдырылды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы төтенше жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
"Жомарт" кеніші Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. Ал "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова