Ұлытау облысындағы жұт: министр қазақстандықтарды алаңдамауға шақырды

Ұлытау облысындағы жұт: министр қазақстандықтарды алаңдамауға шақырды
Фото: gov.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ұлытау облысында жұт болғанына қарамастан қазақстандықтарды алаңдамауға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде мәселе қырағы бақылауда.

"Биыл 1 наурызда Ұлытау облысына бардық. Онда вице-министр, Ұлытау облысы ауыл шаруашылығы және ветеринарлық инспекция басқармасы басшысы жұмыстың қорытындысын шығарып жатыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жылқылар қырылған. Күзде барлық өңір мал азығын 100 пайызға дайындадық деп есеп берген. Бұл мәселеге өңірдегі ауданы әкімі мен ауылдық округтің әкімі жауап береді. Сондай-ақ, Ұлытау облысына 1 миллиард 400 миллион теңге көлемінде жем-шөпке субсидия бөлінді. Бұл қаржы мал азығын дайындауға жұмсалды", - деді Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан соң.

Ведомство басшысы Ұлытау облысында нақты қанша мал қырылғанын айтты.

"Бүгінде 360 бас жылқы қырылған. Олар есепте тұр. Ұлытау облысында жұмыс жүргізіліп жатыр. Вице-министр сол жақта жүр. Ол нақты (қырылған мал басын - еск.) анықтап жатыр. Мұнда жауапкершілік тек әкімдікте емес, малдың иесінде де болуға тиіс. Біріншіден, оларды малды бағуға, мал азығын дайындауға жауап беруі керек. Егер оларда мал азығын дайындауда проблема болса, аудан әкімдігіне, ауыл әкімдігіне баруы керек еді. Олар шешім қабылдауы керек болған. Барлығы мал азығын 100 пайызға дайындадық деп есеп берген. Облыста осы мәселе шешілмесе, көрші өңірден (жем-шөп - еск.) жеткізуші едік", - деді министр

Айдарбек Сапаров қырылған жылқының қожайыны табылмай жатқанын айтты.

"Бүгінде 360 бас жылқы қырылғанын анықталды. Алайда біз осы жылқылардың иесін таба алмай жатырмыз. Малдың біріздендіру базасы бар. Онда осы жылқылар тіркелмеген. Демек, жылқы өзі жайылған, оған ешкім қарамаған... Сондықтан мұнда малдың иесіне сұрақтар бар", - деді министр.

Ведомство басшысы болған жағдай жылқы етінің бағасына әсер етпейтінін айтты.

"Жылқы еті қымбаттамайды. Себебі жылқы шаруашылығы жақсы дамып жатыр. Елімізде 4 миллион бас жылқы бар. Сондықтан осы жағдайдан соң жылқы еті қымбаттамайды", - деді Айдарбек Сапаров.

Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында 67 жылқы жайылымда қырылғаны хабарланды.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz