Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин Ұлытау облысында малы қырылған шаруалардың кредитін кешіруді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.
Оның айтуынша, Жаңаарқа ауданында мал қырылып, ал қырылмағаны, көтерем болып, терісіне ілініп, ұзын сарыға кірген. Ірі шаруаларды айтпағанда, шағын ауылдардың өзінен 100-ден аса жылқы құлаған.
"Ауыл тұрғындары бағып отырған малдарының жұтқа ұшырады деп дабыл қаққанына 1,5 айдан асты. Тек Қаражалдың өзінде 566 бас жылқының өлексесі жиналды. Жиналмай дала шашылып жатқаны қаншама?! Жұт Ұлытау жерінде ғана емес, Ақмола, Қарағанды облыстарын да шарпыды.
Мұндай қыспақ жылда соқпайды. Осындай ауыр жағдайға қалған елге дер кезде мемлекеттен қолдау қажет еді. Жедел көмек беретін уақыттан кеш қалдық. Жайылымдық тебіндерді аршып, жем-шөп таратып, мал басын алып қалуға жасаған әрекет мардымсыз, шала болды", - деді Ерболат Сатыбалдин.
Депутат жауапты мекемелер жергілікті әкімдікті уақытында ескертпегенін жеткізді.
"Қыстың ортасында жауған жауынды көріп, біліп отырған жауапты мемлекеттік мекемелер бола тұра, Ұлытау облысында болып жатқан табиғаттың қауіпті және дүлей құбылыстарының жұтқа әкеліп соғатыны туралы болжам жасап, жергілікті әкімдіктерге ескерте алмады. Мемлекеттік бақылау мен реттеудің салғырттығын осыдан да көрсек болады.
Әріптесім, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың жұт туралы айтқан жанайқайына Ауыл шаруашылық министрлігі "Малдың жаппай өлімі фактісі жоқ, Ұлытау облысында 67 бас жылқының өлімі тіркелді" деп аузын қу шөппен сүртіп, шаруалардың өзін кінәлаудан әріге бармады. Жұт жайын қалың елдің арасына барып, білудің орнына комиссия жіберіп, өлексе санаумен шектелді. Үкіметтің бұл тірлігін Арқа жұрты "Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймынға" балап отыр", - деді ол.
Сондықтан Ерболат Сатыбалдин мәселені шешу үшін төмендегі ұсыныстарды жолдады:
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!