- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұлытау облысындағы дүкендер...
Ұлытау облысындағы дүкендер желісінің қызметкерлері жұмысқа барудан бас тартты
Ұлытау облысындағы дүкендер желісінің бірінің қызметкерлері еңбек ақысын дұрыс төленбейтініне наразы екенін айтты. Олар айлығы мен тиісті сыйақысы уақытылы берілмесе, жұмысқа шығудан бас тартатынын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Осыдан 5 жыл бұрын Ұлытау облысы Кеңгір кентінде ірі гипермаркет өз жұмысын бастаған. Одан бөлек, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында сауда орнының бірнеше шағын дүкені бар. Бүгін осы ірі сауда желісінің қызметкерлері наразылық танытты. Еңбек ақыларының тек 75 пайызы ғана беріліп, қосымша атқарған жұмыстарына ақы төленбеген. Жаппай қарсылық білдірген сатушылар бұл мәселеге қатысты басшылықтың жауап беруін талап етіп отыр.
"Біз еден жуамыз, қар күрейміз, қапшық-қапшық ұн тасимыз. Клиент алып тұрған күріш пен қантты көтеріп береміз. Жүк таситын ешкім жоқ. Әр сатушыдан сөз естиміз. Осы айда 10 теңгеден жинап, айлық берді. 11 сағат бойы осында жұмыс істейміз. Толық айлықты, сыйақыны алмай бұл жерден кетпейміз", – деді сатушы Гаухар Бажкеева.
Сауда орнының коммерциялық директоры кәсіпте қаржылық мәселе туындағанын айтып, соған сәйкес аудиторлық тексеру жүріп жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, түйткілдің түйіні тексеру нәтижесінен кейін шешіледі. Бірақ қызметкерлер 100 пайыз жалақысын алады деп сөзін толықтырды.
"Жұмыскерлерге 100 пайыз сыйақы беріледі. Қазір тексеріс жүріп жатыр. Соның қорытындысын күтеміз. Қаржылық проблема бар", – деді дүкендер желісінің коммерциялық директоры Қайсар Төлен.
Айта кетейік, сауда нүктелерінің шағын маркеттерінде 80 қызметкер, ал гипермаркеттің өзінде 200-ден астам адам жұмыс істейді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы