Ұлытау облысында мемлекетке млрдтаған шығын келтірген қазақстандық барынан айрылды

Фото: Видео кадры

Ұлытау облысы Ұлытау ауданында жергілікті тұрғынға қатысты жер қойнауын рұқсатсыз пайдалану және қылмыстық табысты заңдастыру дерегі бойынша үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жай

ҚМА Ұлытау облысы бойынша департаменті тергеумен айналысқан.

Агенттік мәліметінше, күдікті 2020-2023 жылдар аралығында "Шығыс Қаражал" карьерінен марганец рудасын лицензия мен жер қойнауын пайдалану келісімшарты болмаса да заңсыз өндірген. Салдарынан алынған руданың көлемі 16 мың тоннадан, ал мемлекетке келген шығын 1,1 миллиард теңгеден асқан.

"Қылмыстық табысты заңдастыру мақсатында ол жалған келісімдер жасап, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер арқылы өңделген темір-марганец рудасын елімізде және Ресей Федерациясында сатқан", - деп жазылған хабарламада.

Қылмыстық табыс 3,5 миллиард теңгеден асқан.

Сот үкімі

Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Сондай-ақ, оның 97,8 миллион теңгеге бағаланған мүлкі, соның ішінде 5 көлік пен шаруашылық қожалығы тәркіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget