Ұлытау облысында жылқы айдауға шығып, жоғалып кеткен ер адам табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жолға мотоциклмен шығып кеткен Қаражал қаласының тұрғыны үш күннен кейін табылды.
30 жастағы тұрғын Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылдық округі мен Қаражал қаласы Шалғия кентінің елді мекендері арасында мотоциклмен жылқы айдау кезінде жоғалып кетті. Үш күн бойы туыстары жоғалған жігітті өз күштерімен іздеп таба алмаған соң, полициядан көмек сұрады.
Жедел-іздестіру жұмыстарына Қаражал қаласының полиция бөлімінің қызметкерлері, жергілікті төтенше жағдайлар бөлімі және жергілікті атқарушы билік өкілдері атсалысты. Жоғалған адамды полицейлер Шалғия ауылынан 100 шақырым жерде даладан тапты.
"Мотоциклімнің жанар-жағар майы таусылып, ұялы байланыс мүлдем болмады. Адасқанымды сезіп, жақын жерден елді мекен іздеп көрмек болдым. Далада екі түнеп үшінші күні полиция қызметкерлері мені тауып алды. Полиция бөлімінің басшысына және барлық мені іздеуге атсалысқан жерлестеріме алғысымды айтамын", – дейді Еркебұлан Сәрсекеев.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!