Ұлытау облысында жалпы өңірлік өнім көлемі артты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Биыл бірінші жартыжылдықта Ұлытау облысында жалпы өңірлік өнім көлемі 2,4 пайызға өсіп, 750 миллиард теңгеге жуықтады. Бұл туралы аймақ басшысының брифингінде белгілі болды.
"Өңірдің экономикалық қызметінің нәтижелерін қорытындылайтын негізгі көрсеткіш - жалпы өңірлік өнім. Биыл бірінші жартыжылдығында ЖӨӨ 2,4 пайызға өсіп, 750 миллиард теңгеге жуықтады", - деді облыс басшысы Берік Әбдіғалиұлы ОКҚ алаңында өткен брифингіде.
Аймақ басшысының айтуынша, ел экономикасының жалпы көлеміндегі облыстың жалпы өңірлік өнімінің үлесі 1,6 пайыз, бірақ бұған әрбір өңір тұрғынының қосқан үлесі арқылы қарасақ, жан басына шаққандағы ЖӨӨ көлемі республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі және 3,4 миллион теңге болды, бұл орташа республикалық деңгейден 29,6 пайызға жоғары.
Берік Әбдіғалиұлы облыс экономикасының одан әрі даму векторын айқындаушы негізгі фактор өнеркәсіп екенін атап өтті, оның ЖӨӨ-дегі үлесі 60 пайыздан асады (ҚР-да - 30 пайыз).
Ұлытау облысының әкімдігі ұсынған материал
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!