Ұлытау облысында полицейлер тікұшақтың көмегімен екі қарасора плантациясын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаңаарқа ауданында 942 қарасора бұтасы, өсімдіктерді суаруға және өңдеуге арналған құрылғы тәркіленді. Қазір құрамында есірткі бар тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіруге қатысы бар адамдарды анықтау бойынша жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Ұлытау ауданында да полиция қызметкерлері 280 қарасора бұтасын тәркіледі. Сондай-ақ осы өсімдіктерді өсірумен айналысқан Қызылорда облысының тұрғынын ұстады. Күдіктіге қатысты Ұлытау ауданының соты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
"Сараптама қорытындысына сәйкес, зерттеуге ұсынылған бұталар бірінші және екінші жағдайда қарасора тұқымдас өсімдік екені анықталды. Екі дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Биыл өңір полициясы есірткі қылмысына қатысты 31 дерек анықтады. Заңсыз айналымнан 500 келіден аса есірткі тәркіленді, сонымен қатар 2000-ға жуық қарасора бұталары табылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!