Ұлытау облысы Мәдениет басқармасының басшысы сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Антикорға сілтеме жасап.
Жезқазған қалалық соты Ұлытау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшыларына қатысты парақорлық дерегі бойынша үкім шығарды.
"Бұл лауазымды тұлғалар облыс аумағындағы ежелгі қорымдардағы археологиялық қазбалар жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарты бойынша актілерге қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін мердігер ұйым өкілімен сөз байласып, 2 миллион теңге көлемінде пара алған.
Сот үкімімен осы мемлекеттік мекемелердің басшыларына әрқайсысына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деп жазылған Антикор хабарламасында.
"Мәдени мұраны зерттеу және сақтау орталығы" ЖШС мердігер компаниясының өкіліне 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылады.
Жемқорлықтың алдын алу, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында сот процесі ашық форматта өткізілген.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы пара алды деген күдікке ілінгені хабарланды. Шенеунік бұрынғы айтыс ақыны ретінде де танымал.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!