Ұлытауда балаларды асырап алған әйел оларды құлдықта ұстаған. Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха мәжіліс алаңында бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Ол асырап алған ана заң бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты.
"Заң бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. "Азаптау" немесе "Қорғаншы мен қамқоршы құқықтарын теріс пайдалану" баптары бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", - деді Лепеха. .
Сонымен қатар, қамқоршылық органдары міндеттерін қаншалық орындағанына қатысты жауапкершілікке тартылады.
Еске салайық, өткен аптада бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева адамшошырлық дерек туралы айтқан еді. Ол 5 жыл бойы балалардың құлдықта болғанын айтты.
"Үсті-басы көгерген, тыртықтары бар, арық, шаршаған, аш, көзінде от жоқ, кір қожалақ. Қамқоршы осы жылдар бойы балаларды қорлап, ұрып-соғып, азаптап, құлдықта ұстаған және 5 жыл бойы балалар жәрдемақысын алып келген", - деді омбудсмен.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!