- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұлытау облысында 15...
Ұлытау облысында 15 лауазымды тұлғаға 4,6 миллион теңге айыппұл салынды
Ұлытау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы экологиялық заңнаманы қолдану мәселелері бойынша заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның қорытындысы бойынша I және II санаттағы 66 оператордың өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша 125 заң бұзу дерегі (есепті ұсынбау) анықталды.
"Олардың қатарында жер қойнауын пайдаланушылар, коммуналдық кәсіпорындар, ауылдық округтері әкімдерінің аппараттарына тиесілі қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары және тағы басқа. Бұл, өз кезегінде, уәкілетті органға өңірдегі экологиялық жағдайды объективті бағалауға мүмкіндік бермей отыр", - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Аталған фактілер бойынша прокуратура Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының 11 ауылдық округ әкімдеріне қатысты 20 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғады.
Қазіргі уақытта прокуратураның қадағалау актісі бойынша экология департаменті қалған табиғат пайдаланушыларды әкімшілік жауаптылыққа тарту бойынша шаралар қабылдап жатыр.
"Бұдан басқа, "Прокуратура туралы" Конституциялық заңның талаптарын бұзғаны үшін (прокурордың заңды талаптарын орындамау, прокурорды хабардар етпеу және прокурорлық қадағалау актілерінде көрсетілген заңбұзушылықтарды жоюға шаралар қолданбау) Ұлытау облысының экология департаментінің, ветеринарлық, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларының басшылары Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 664, 665, 666-баптары бойынша жауапқа тартылды. Бүгінгі таңда кінәлі тұлғаларға салынған жалпы сомасы 4,6 миллион теңге айыппұл толық өндірілді", - делінген хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан