Әлеуметтік желіде Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданына зымыран құлағаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаңаарқа ауданының тұрғындары Орынбай ауылына жақын жерде ғарыш зымыранының бір бөлігі құлағанын айтып, видео түсірген. Тұрғындар зымыран бөлігі денсаулыққа және экологияға зиян келтіруі мүмкін деп алаңдап отыр.
Жаңаарқа әкімдігі өкілдері бұл видеоға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, зымыран "Прогресс МС-21" жүк кемесіне тиесілі.
"Ол Орынбай ауылынан 25 шақырым жерде құлады. Жақын қыстаудағы тұрғындар эвакуацияланды. Орынбай ауылының тұрғындарын эвакуацияламадық. "Роскосмос" қызметкерлері ғарыш зымыраны ұшатын уақытты алдын ала білген және зымыранның бөлігі құлайтын жерді білген. Олар арнайы топ құрып, ол жерді күзеткен. Ғарыш зымыранының бөлшектері шығарылды және олардан келер еш қауіп жоқ", - деді әкімдіктің баспасөз қызметі өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!