• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Ұлытау кенішіндегі трагедия: қаза тапқан кеншілердің тізімі жарияланды

Ұлытау кенішіндегі трагедия: қаза тапқан кеншілердің тізімі жарияланды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Ұлытау облысындағы "Жомарт" кенішінде қаза тапқан кеншілердің тізімі жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

17 ақпанда "Қазақмыс" корпорациясына тиесілі "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Оқиға салдарынан шахтаның жеті қызметкері үйінді астында қалды. Кейін олардың барлығы мерт болғаны хабарланды. Марқұмдардың ең жасы 26 жаста болған.

Қаза тапқан кеншілердің тізімі:

  • Ақшалов Қайрат Аманбекұлы, 1975 жылы туған, сорғы қондырғыларының машинисі;
  • Жақұбаев Ардақ Боранбайұлы, 1998 жылы туған, жерасты учаскесінің тау-кен шебері;
  • Жұмадоллаев Бақытбек Нышанұлы, 1975 жылы туған, жерасты тау-кен жұмысшысы;
  • Кенжебеков Орынбек Әмірханұлы, 1991 жылы туған, тиеу-жеткізу машинасының машинисі;
  • Молдабеков Ғалымжан Есенбекұлы, 1978 жылы туған, шпур бұрғылаушының көмекшісі;
  • Нұролдаев Олжас Жағалбайұлы, 1979 жылы туған, жерасты учаскесінің энергетигі;
  • Рожков Константин Владимирович, 1992 жылы туған, жерасты тау кен қазу жабдықтарының электр слесарі.

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылы 17 ақпанда Ұлытау облысы "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Оқиға салдарынан шахтаның 7 қызметкері үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та жоғалды.

Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, ТЖМ психологтары жұмылдырылды. 

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы төтенше жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.

2025 жылы 18 ақпанда ТЖМ жеті жұмысшы да өлі табылғанын, олардың жеке басын анықтау үшін сараптама жүргізілетінін хабарлады. 

"Жомарт" кеніші Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. Ал "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова