Атыраулық мерзімді әскери қызметкер Өмірбек Есбергенов 2024 жылы сәуірде Оралдағы әскери бөлімде қаза тапқан. Марқұмның анасы Айна Есбергенова оның кісі қолынан көз жұмғанына сенімді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайыққа" сілтеме жасап.
Айна Есбергенованың айтуынша, ұлы бала кезінен өте белсенді, еңбекқор болған. Мектепте жақсы оқып, футболмен айналысып, жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген. 14 жасынан бастап жұмыс істеп, өз бетінше табыс тапқан.
"Әскерге кеткенше Атырау индустриалдық колледжінің үшінші курсында оқыды. Оқуын жалғастыра алар еді. Бірақ "Отан алдындағы борышымды өтеуім керек" деді де, әскерге өз еркімен кетті", - дейді анасы.
Басылым мәліметінше, әскери қызмет кезінде сарбаз анасымен үнемі байланыста болып, күнара сөйлесіп, жиі ақша сұрап отырған.
"Ақшаны әртүрлі адамға аударып отырдық. Көбіне ұлымнан алты ай бұрын қызметке келген сарбазға аудардық. Ұлым қайтыс болғаннан кейін оның шотын тексердік және барлық ақша дәл соған түскенін көрдік. Кейін бұл қаражат командирлер мен сержанттарға берілгені белгілі болды. Бірақ тергеу бұған көз жұма қарап, ескермеді", - деп мәлімдеді Айна Есбергенова.
2024 жылы 7 сәуірде анасы ұлымен соңғы рет сөйлескен.
"9 сәуірде үйге үш офицер келіп, "ұлымның жүгіріп жүріп, жүрегі тоқтап қалды" деген хабарды жеткізді", - деп еске алды ол.
Оның айтуынша, марқұмның денесінен зорлық-зомбылық іздерін анық байқаған.
"Ұлымның өліміне қатысы бар адамдар еркіндікте жүр. Олар еркін өмір сүріп жатыр, ал менің балам жер қойнында. Бұл іс жабылып қалғанын қаламаймын", - дейді Айна Есбергенова.
10 қарашада Астанада Министрліктер үйі маңында Қорғаныс министрлігі өкілдеріне үндеу жасау мақсатында бір топ әйел жиналды.
Олар - әскери қызмет кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің аналары. Министрліктер үйі маңында түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Ашынған аналар ұлдарының өлімін әділ тергеуді және әскерді реформалауды талап етті.
Осыдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарастырып, істі тергеу барысында заң сақталуына баға беруді тапсырды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз