- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ұлымның есімін өзім...
"Ұлымның есімін өзім қойдым". Әнші Әли Оқапов эксклюзив сұхбат берді
"Биле", "Жаным, сәлем", "Алға", "Арманға" атты тыңдарман көңілінен шыққан хит әндердің орындаушысы, әнші Әли Оқапов Zhuldyz FM-де қонақта болып, Massaget.kz тілшісінің сұрақтарына жауап берді.
"Өнер адамдарына өнер орынсыз болып кетті" деген әнші үзілістен кейін шығармашылыққа білек сыбана кіріскен. Тіпті тыңдармандарын жақында су жаңа үш әнімен қуантатынын жеткізді. Бірақ ол анасы бірінші орында екенін айтты.
"Кейінгі екі жылда мен өнерімді тоқтата тұрып, анамның шығармашылық кеші, альбомдарына ден қойдым. Роза Қуанышқызы елордада жеке ән кешін жеті жыл бұрын беріпті. Алматыда концерт өткізіп, туған күнін атап өттік. Оркестрдің сүйемелдеуімен, жаңа әндерден құралған және өзі сүйіп тыңдап, орындап жүрген әндердің жаңа нұсқаларын жинап, осы екі жыл ішінде үш альбом жаздық", - дейді Әли Оқапов.
Әнші анасы туралы көркем фильм түсіруді жоспарлап жүргенін жеткізді. Кино желісі қазақтың еңбек сіңірген әртісі Роза Қуанышқызының жүріп өткен жолдары, өнерге қалай келгені туралы болмақ.
Әли Оқапов ешкімге тіс жармаған ұлы туралы ақпаратты да бөлісті. Тіпті тұңғышын бауырына басқанда қобалжу сезімі болғанын жасырмады.
"17 ақпан бөпеміз дүниеге келді. Ұлды болдым. Бойы - 49 сантиметр, салмағы - 2900 грамм. Аты - Зейін. Оқапов Зейін Әлиұлы. Анам "атын өзің қой" деді. Көп ойланбай перзентханадан шығармай тұрып, екі күн бұрын осы есім ойыма келді. Болашақта зейінді азамат болсын деп "Зейін" деп қойдым. Бастысы өзіме ұнайды", - дейді әнші.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Ерболұлы