Гүлмира Пармышева - "Global Kishkentai" шеберханасының негізін қалаушы. Ол ерекше балаларға арнап, ойыншық шығарады. Әлеуметтік кәсіпкер осы саланың қыр-сыры туралы Massaget.kz тілшісіне баяндап берді.
"Ұлым себеп болды"
Гүлмира кәсіп бастағанға дейін бала күтімімен үйде отырған қарапайым ана болған. Бүгінгі таңда екі ұл, бір қыздың анасы.
"Пиар-менеджер мамандығы бойынша білім алдым. Сол бойынша бірнеше жыл жұмыс істедім. "Кішкентай" жобасын 2019 жылы бастадым. Оған дейін бала күтімімен үш жыл үйде болдым. Жобаны бастауға ұлым себеп болды. Ұлымның тілі кеш шықты әрі дамуында ерекшеліктер болды. Соған арнап, анаммен бірге ойыншықтар тігетінмін, құрастыратынмын. Ол кезде бір бөлмелі пәтерде тұрамыз. Асханада түнімен ойыншық жасап, баламмен бірге айналысатынмын. Кейін сол ойыншықты ата-аналар да сұрай бастады. Сосын өзіме ғана емес, өзгеге де көмегім тисін деген оймен осы жоба өмірге келді.
Балам қазір Binom мектебінде 2-сыныпта оқиды. Алда әлі жұмыс көп деп айтар едім. Көптеген үйірмелерге қатысамыз. Мектепке барып, өзінің сыныптастарымен коммуникацияға түскені мен үшін үлкен бақыт дер едім", - деді ол.
Ол ұлы үшін көптеген сала маманынан білім алып, Ресей, Польша, Израиль елдерінің мамандарынан білім алған.
"Алғашында жобаны кәсіпке айналдырамын деген ой болмады. Балама көп уақыт бөлдім. Үй жағдайында шығарған ойыншықтарым арқылы баламнан нәтиже көре бастадым. Бұл кәсіпті бастауға жолдасым екеуміздің арамыздағы диалог түрткі болды. Жолдасыма "осы айда 250 мың теңге жұмсаппыз" дедім. Содан кейін ауылдық жердегі ата-аналар бұл ситуациядан қалай шығады деген ой бодлы. Оларға пайдалы болсын деген ниетпен "Кішкентай" жобасын қолға аламын деген шешім қабылдадым. Басты мақсат - қолжетімді бағада сатып, әрі пайдалы болу еді", - деді Гүлмира.
"Басында Қытайдан тапсырыс бердім"
Гүлмира ата-аналардың сұранысынан соң алғашқы инклюзивті шеберханасын ашқан.
"Ойыншықты пайдаланғаннан кейінгі баламда жақсы өзгеріс болған соң, балам барып жүрген орталықтың ата-аналары да сұрай бастады. Сөйтіп, оларға да беріп, ата-аналар нәтижесін бөлісе бастады. Ойыншықтарды басында Қытайдан тапсырыс бердім. Сосын үйден шығаратын едім. Ол кезде цех болмады. Кейін ата-аналардың сұранысын көріп, қоғамдық ұйым аштым. Ең алғашқы цехтің аумағы 17 шаршы метр болды. Сол кезде "аумағымыз 17 метр, амбициямыз 17 мың "деп күлетін едім. Солай бірінші инклюзивті шеберхана ашылды", - деді ол.
Кәсіпкер жобаға ерекше қажеттілігі бар адамдарды жұмысқа алған.
"Жобаның жұмыстарына ерекше қажеттіліктері бар жастарды тарттым. Оларды арнайы оқытып, Қазақстанда балалардың сөйлеу қабілетін жақсартуға көмектесетін арнайы ойыншықтар шығара бастадым. Бастапқыда ата-аналар тарапынан сұраныс көп болған өнім бүгінде логопедтер мен басқа да мамандар арасында сұранысқа ие болды", - дейді
"Ойыншықтардың құрамы ерекше"
Гүлмираның айтуынша, бұл кәсіптің елімізде аналогы жоқ.
"Кәсіпте бәселекестің болмауы жақсы дүние емес. Әрине, ойыншық сататындар бар. Бірақ әр клиенттің өз жолы, қызметі бар. Біздің басқалардан өзгешелігіміз ерекше балаларға ұсынуымыз бен ойыншықтардың эко өнімнен жасалуында деп ойлаймын. Шығармас бұрын біз әр ойыншыққа 6-9 айдың ішінде тестілеу жасадық", - деді ол.
Кәсіпкер ойыншықтардың құрамына ерекше мән беретінін айтты.
"Ойыншықтар толықтай отандық өнім. Алматыдағы инклюзивті шеберханада жасалады. Құрамы ағаштан, эко материалдан, бояуын Италия не Германиядан алдыртамыз. Сондай-ақ екі тілде түсінікті жазылған нұсқаулығы бар. Қазір qr код арқылы нұсқаулықтың видеоларын жасап жатырмыз. Себебі ата-ананың қабылдауы әр түрлі. Біреу сөйлеу арқылы түсіндіреді, біреуі көрсету арқылы деген сияқты ғой. Нұсқаулықта бір ойыншықтан қандай ойындар ойнайтынын және керек сөздер жазылған",- деді ол.
"Үш аптада нәтиже көрдім"
Гүлмира әлеуметтік кәсіпкерлікті қоғам қайырымдылықпен айналысып жүр деп ойлайтынын айтты.
"Біз әлеуметтік кәсіпкерлік туралы көп айтуға тырысамыз. Бұл тегін беру емес деп түсіндіреміз. Себебі біз әдеттегі бизнеске қарағанда өз миссиямызға көбірек көңіл бөлуге тырысамыз. Бірақ маған әлеуметтік кәсіпкер болуда біреуге барып, ақша сұрау қиындық тудырды. Осы уақытқа дейін ешкімге алдына барып, ақша сұрамаппын. Сол нәрсеге үйренбеуді басқалары да әдетке айналдырса деймін", - деді ол.
Гүлмира ойыншықтарды пайдаланған жандардың нәтижесімен де бөлісті.
"Бүгінге дейін 15000 баланың уақытында сөйлеп кетуіне, дамуына үлес қостық. Соның ішінде 4 жасқа дейін сөйлемей жүріп, 3 аптада нәтиже көрсеткен балалар болды. Бірақ әрине бұл ешқандай сиқырлы таяқша емес екендігін айтқым келеді. Бұл ойыншықты алып, сиқыр күтуге болмайды. Басқа да мамандармен бірігіп, жұмыс істеу арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Ата-аналардың алғысын естіген кезде осы істі бекер бастамағаныма қуанамын", - деді ол.
"Айлық айналым - 12 млн теңге"
Ойыншықтың бағасы 1530 теңгеден басталады.
"Ойыншықтың ең қымбаты - 16200 мың, орташа бағасы - 15 мың теңге. Бұл толық жиынтық деп аталады. Жиынтықты алғандар 6 айдан бір жылға дейін күтіміне байланысты ұстай алады. Бір айдағы айналымымыз 9-12 млн арасын құрайды. Бірақ маусымнан тыс уақыттарда 5-7 млн болады. Жақында "Шаңырақ" деген кешенді жиындық дайындадық. Соны нарыққа шығару жоспарда бар. Бағалары 1530 теңгеден басталады", - деді ол.
Қазіргі таңда цехта 11 қызметкер жұмыс істейді.
"Алдағы жылы жобаның филиалын Астанадан ашқымыз келеді. Қазіргі таңда Алматыдағы цехта 11-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Ойыншықтарға Қазақстаннан басқа елдерден де сұраныс көп. Оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан мамандары алып жатыр. Енді Америкаға жіберуді ойластырып жатырмыз. Бұрын ата-аналар арқылы жеке тапсырыспен қабылдасақ, алдағы уақыта тек дүкендер арқылы сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін "Pinduoduo-ны қытайлықтар қолданбайды". Бір жылда 70 млн теңге табыс тапқан кәсіпкер құпиясын бөліскені туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Бас неге ауырады?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!