Әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінген Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев ұлының ісіне қатысты үндеу жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл видео Ертісбаев Live Youtube-арнасында жарияланды. Онда Уәлихан Бишімбаев ұлының Салтанат Нүкенованы өлтіргісі келмегенін айтқан.
Уәлихан Бишімбаев сөзін қаза тапқан Салтанат Нүкенованың туыстарына көңіл айтудан бастады.
"Ең алдымен, отбасымның атынан Нүкеновтер отбасына қайғыра көңіл айтамын. Бұл - орны толмас қайғы. Өздеріңізге белгілі, 9 қарашада қайғылы жағдай болды. Нүкеновтер қызын жоғалтса, біз келнімізді жоғалттық. Ұлымыз тергеліп жатыр. Бұл жағдай болғаннан бастап, БАҚ-та шыққан жаңалықтарға талдау жүргізіп келемін. Журналистер мен блогерлер жазбасын оқып жүрмін. Әр азаматтың сөз еркіндігі бар, бірақ қоғамды тергеудің жария етілмейтін құпиялығына назар аудартқым келеді. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы бойынша соталды тергеу ісі жария етілмейді", - дейді Уәлихан Бишімбаев.
Оның айтуынша, Қайрат Нүкенов тергеу ісіне әсер етіп жатыр. Соның кесірінен ұлының ісі қиындап кеткен.
"Мен әке ретінде ұлым үшін қатты уайымдаймын, бірақ оны ақтамаймын. Ешқандай кабинеттерге барған жоқпын да, бармаймын да... Ата-ана ретінде ұлымыздың Салтанатты өлтіргісі келмегеніне сенеміз. Олар отбасын құрып, ары қарай өмір сүргісі келді. Пәтерінде жөндеу жұмысын жүргізіп, киім бөлмесін Салтанат үшін үлкейтуді қалады. 9 қарашада не болғанын біз де білмейміз. Бірақ біз ұлымыздың өлтіру туралы ойы болмағанына сенеміз", - деді Бишімбаев.
Сондай-ақ, Уәлихан Бишімбаев БАҚ өкілдері мен блогерлерге жүгінді. Ол тек расталған ақпаратты таратуды сұрады.
Еске салайық, бұған дейін экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланды. Кейін ол қамауға алынды. 11 қарашада Бишімбаев уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!