Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Қазақстан мен Оңтүстік Корея елдерінің арқауымен Ұлы Жібек жолы бойындағы достық және әріптестік естелік-белгісінің ашылу салтанаты өтті. Бұл алқалы кездесуге мұындық болған негізгі тарап Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі. Аталған естелік-белгі Корей Республикасы тарапынан 2013 жылдан бастап Қытай, Иран, Өзбекстан, Түркия, Үндістан сынды тарихи Ұлы Жібек жолы бойындағы елдерде қойылған. Елімізде тұңғыш рет қойылған естелік-белгіні орналастыру ежелгі Жібек жолының бойында жатқан Есік Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде сәті түсті. Шараны Алматы қаласында 2018 жылдың 1 маусымы күні Корея Республикасының Кенсанбук-до аймағы экономиканы дамыту ұйымының ұйымдастыруымен өткен Ұлы Жібек жолы және солтүстік бағыттағы әріптестік атты халықаралық форумның заңды жалғасы деп таныған жөн. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Корея Республикасының Кенсанбук-до аймағының губернаторы Ким Кван Ен, Алматы қаласындағы Корея Республикасының бас консулы Жон Сын Мин, Кенсанбук-до аймағының халықаралық қатынастар елшісі Жо Зуң Чоль, Өркениеттер алмасуы институтының директоры Зон Су Ил, Кенбук университетінің профессоры Пак Чон Су, Кенхи университетінің профессоры Кан Инук, Зунан университетінің оқытушысы Зон Инпен, Кемен университетінің оқытушысы Со Зон Су және Сыртқы саясат институты қызметкері Мин Зи Ен және өзге шетелдік делегация қатысты. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: Ұлы Жібек жолы адамзаттың экономикалық тұрғыдан ғана емес, ең бастысы мәдени қарым-қатынас тұрғысынан да бір-бірімен араласуына зор ықпал жасады. Халықаралық сауда және дипломатия жолы ретінде қызмет еткен бұл сауда жолы, сондай-ақ, мәдениеттің таралуына, өркениеттің дамуына және қалалар мен елді мекендердің өрлеуіне септігін тигізіп отырған. Әрине, өркениеттер мен мәдениеттің алмасуларына мән берген Ұлы Жібек жолының әсіресе, қазақ жері арқылы өткен тармақтары біздің қызығушылығымызды тудырады. Өйткені анағұрлым тыныш әрі қауіпсіз саналған бұл тармақтағы сауда жолы әсіресе, түркі дәуірінде ерекше сұранысқа ие болды. Бұл алдымен түркі қағандарының осы аймақтарда жүргізіп отырған саясатының нәтижесінде орнаған тыныштық пен қауіпсіздік факторы деп санаймыз, деді. Корея Республикасы Кенсанбук-до аймағының губернаторы Ким Кван Ен: Бүгін өте маңызды күн. Себебі осыдан мыңдаған жылдар бұрын ата-бабамыз негізін салған Жібек Жолын бүгінде жаңаша жаңғырту бақытына ие болып отырмын. Ең әуелі қонақжайлылығы мен қазақ мәдениеті тарихын жеке өзі түсіндіргені үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне, осынау байланыстарға ерекше еңбек сіңірген, Есік қорық-музейінің директоры Гүлмира Мұхтароваға алғыс айтқым келеді. Дәл осы жерде Силла патшалығының тарихи-мәдени мұралары мен осындағы тарихи-мәдени мұралардың өте қатты ұқсас екеніне көзім жетіп отыр. Сондықтан да Алтын адамның бір мүсіні мен көшірмесін арнайы тапсырыспен жасатып, Силлаға апарып қоямын деп шештім. Корея Республикасының жаңа президенті жақын арада Жаңа солтүстік саясат атты жоба ұсынды. Яғни, екі ел арасында әсіресе, Силла мен Есік мәдениеттері арасында болашақта біріге отырып атқаратын зерттеу жұмыстары көп деп білемін және атқарамыз деп сенемін, деді ағынан жарылып. Аталған шараның идеологиялық маңызы зор. Елбасының Ұлт жоспары 100 нақты қадам бағдарламасында көрсетілген 86-қадамда Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту атты кластері бар. Бұл шаралар Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу негізінде жүзеге асады. Естелік-белгінің аталған жоспар аясында жүзеге асуын баса айту керек.