Қазақстан мен «Роскосмос» арнайы келісіміне сәйкес, 2020 жылдан бастап «Протон» зымыранын іске қосу кешендері елімізге беріле бастайды. Сондай-ақ, 2025 жылы улы гептилмен биікке көтерілетін зымырандарды ұшыру тоқтатылады.
«Известия» басылымының хабарлауы бойынша, 2020 жылдан бастап «Протон» зымырандарын Қазақстан да, Ресейде де қатар ұшыра алатын болады. Ал Ресейде жасалатын заманауи «Сұңқар» тасығыш зымыранның сынақтары 2024 жылы басталып, 2025 жылы ол сауда-саттық (коммерция) мақсатта пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Сауда-саттық мақсаттағы жоба іске асқаннан кейін, Ресей тарапы гептил отынымен ұшатын «Протон-М» мен оның жаңартылған түрі «Протон-light» зымырандарын ұшыруды біржола тоқтатпақ.
Айта кетейік, гептил – зияны бойынша 1-класқа жататын, адам өміріне өте қауіпті химиялық улы зат (CH3)2NNH2). Ол ластаған аймақтарда 30 жылдан астам уақытқа дейін ешқандай тіршілік белгісі байқалмайды. Ал химиктердің арасында «гептилдің зияны атом жарылысынан да қауіпті» деген тұжырым айтылып жүр.