Ұлы даланың болашағы – жастар!

Еліміздің ең үздік жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биыл да студенттер қатарын толықтырып, білім нәрімен сусындауға келген талапкерлерді құшақ жая қарсы алды. Өткен аптада өткен жас талапкерлерді  студенттер қатарына қабылдауға арналған дәстүрлі мерекелік кеш ерекше көңіл-күйде өтті. 

Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының алаңында өткен бұл кеш – кеше ғана мектеппен қош айтысып, үлкен өмірге қадам басқан 1-курс студентері үшін қара шаңырақ ҚазҰУ-дағы алғашқы мереке. Салтанатты рәсімнің басты кейіпкерлеріне айналған олар жүздері бал-бұл жанып, мерекенің көркін ашты. Үздік университетте білім алатын талапты да талантты жастардың қатарына биылғы жылы 3988 студент қосылып отыр. Олардың ішінде 3071 мемлекеттік грант иегері, 518 алтын белгі иегері мен 213 халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздары бар.

Мерекелік кештің шымылдығын ашқан «Көк тудың желбірегені» атты композиция ұлттық рух, жігер сыйлап, бойға мақтаныш сезімін ұялатты. Рәміздеріміздің айбынын асқақтатқан ерекше қойылым студенттердің есінде мәңгі қалары сөзсіз. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, әсем қала Алматының 1000 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл мерекеде университетіміздің соңғы жылдардағы жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері  насихатталды. QS халықаралық рейтингі бойынша ҚазҰУ өткен жылы әлемнің 300 үздік университеті қатарында болса,  биыл 236-орынға көтеріліп, 250-топ үздіктер арасына енді. Университет басшысы Ғалым Мұтанұлының бастамасымен жүзеге асып келе жатқан  адамгершілік пен ізгілікке шақыратын, рухани құндылыққа баулитын «Айналаңды нұрландыр», «100 кітап», «Саламатты дене мәдениеті»  жобалары 1-курс студенттеріне таныстырылып, тағылымы мол қойылымдар ұсынылды. Қалашықтың сән-салтанатын арттыра түскен түлектердің «Мәңгілік ел» қақпасының бой көтеруі және Рио Олимпиадасының чемпионы Д.Баландин атындағы жүзу бассейнінің ашылуы да университетіміздің биік белесі екендігі атап өтілді. Студенттер қатарына қабылдау кеші  университет өнерпаздарының керемет әндерімен, «Бақыт» би ансамблінің әсем билерімен толықты.

Сондай-ақ әлемде теңдесі жоқ «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Жас ғалымдар үйі,  диагностикалық медициналық орталық, Әл-Фараби кітапханасы орналасқан қалашығымызды және «Al-Farabi university – smart city», «Green Campus» жобаларын дәріптейтін композициялар университет табалдырығын аттаған студенттердің еңсесін көтеріп, болашаққа деген жарқын көзқарастарын оятты. ҚазҰУ студенттерінің жаратылыстану бағытындағы жетістіктерін, ғылым саласындағы белестерін таныту мақсатында көрсетілген «Ғылым» қойылымы баршаның назарын аударды. ҚазҰУ тек ғылым мен білім ғана емес, спортта да теңдессіз көшбасшы болып табылады. Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин сахна төріне көк туды желбіретіп шығып, барша жиылған қауымды бір серпілтіп тастады. Ректор Ғалым Мұтанов өз құттықтауында: «Құрметті студенттер! Баршаңызды жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтаймын. Біздің университетімізге биыл 3500-ден аса студент білім алғалы келіп отыр. Ендігі кезекте барлығыңызды университеттің биік мәртебесіне лайықты болуға және еліміздің нағыз патриоты болуға шақырамын. Өз білім ордаларыңызды құрметтеп, болашақта білікті маман ғана емес, саналы адам болып қалыптасуларыңызды тілеймін», – деп ыстық лебізін білдірді. 

Кеш соңында 1-курс студенттеріне ресми түрде «Сту­денттік билет» табысталды. Студенттер университеттің бетке ұстар шәкірті болуға, оның абыройын асқақтатуға, бәсекеге қабілетті маман болуға ант етіп, «Гаудеамус» әнін хормен шырқады. Мерекелік шара дәстүрлі студенттер вальсімен жалғасып, ҚазҰУ өнерпаздарының «Жасай бер, ҚазҰУ-ым» әні қалашық аспанында әуеледі. Көңілді мереке би кешіне ұласты.

Ұлжан ИБРАИМ

Дереккөз: economics.kazgazeta.kz