Депутат Дәулет Мұқаев Мәжілістің жалпы отырысында баспана мәселесіне қатысты бірқатар ұсыныс жасап, тұрғын үй бағдарламаларын сынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәулет Мұқаев депутаттық сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.
"Үйі жоқтың, күйі жоқ. Елімізде қолжетімді баспана - ең өзекті мәселелердің бірі. Халқымыздың "Ұлы дала квартиранттары" атанғаны да жанға қатты батады. Анығын айтқанда, үйсіз-күйсіз жүрген қазақстандықтарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалар қолжетімді болмай отыр. Бүгінгі таңда тұрғын үй бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар халықтың сұранысын қанағаттандырмайды", - деді мәжілісмен.
Депутат ел арасынан жиналған мәліметтер мен сұраныстар нәтижесі бойынша өзінің ұсынысын айтты.
"Біріншіден, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясындағы "Бақытты отбасы" және "Шаңырақ" бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізу. "Бақытты отбасы" бағдарламасы елімізде 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын бюджеттен 50 миллиард теңге төңірегінде ақша аударылып, 8 мыңға жуық отбасы үйлі болды. Бағдарлама аясында максимал несиелеу сомасы аймақтар бойынша максимал сома 15 миллион теңгеге тең еді. 2019-2020 жылдары бұл ақшаға 2 бөлмелі үй алуға мүмкіндік болса, қазір пәтер бағасы өскеннен тек 1 бөлмелі үй алуға мәжбүр. "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында көпбалалы отбасы деп кемі 4 бала олардың ата-анасын қоссақ, кемі 6 адам. Дәл қазір жаңа үйлер конкурс негізінде берілгендіктен, кейбір отбасы 32-40 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерде тұруға мәжбүр. Осыған байланысты бұл бағдарламаға өзгеріс қашан жасалмақ", - деп сұрады мәжіліс депутаты.
Депутат екінші өзекті мәселе ретінде ажырасу, материалдық жағдайдың болмауын көрсетті.
"Екіншіден, Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің мәліметі бойынша, 2022 жылы 129 707 жұп некеге тұрса, 51 220 жұп ажырасқан. Бұл - үйленген жастардың 40 пайызға жуығы, яғни, әрбір үшінші жұп ажырасады деген сөз. Ажырасудың басты себебі материалдық қажеттілік екенін ескерсек, баспана бірінші орында. Жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету біршама мәселелердің алдын алары сөзсіз. Сондықтан мемлекеттік деңгейде "Жас отбасы" бағдарламасын бастапқы жарнасы 10 пайыздан аспайтындай ұсынамын. Бүгінгі таңда Отбасы банкі тарапынан жүзеге асып жатқан "Жас отбасы" бағдарламасында бастапқы жарна - 50 пайыз. Мұндай қаражат жинау жастарға қиындық тудырады", - деп түсіндірді Дәулет Мұқаев.
Депутат "7-20-25" бағдарламасына қатысты пікір білдіріп, бағдарлама жұмыс істеп тұрғанымен, несие беруді шектеген бағдарлама операторын сынға алды.
"Бағдарлама ұйымдастырушылары "ақша бар, бәрі жақсы, бағдарлама жұмыс істеп тұр" деп көрсетеді. Бірақ неге бұл жағдайда "7-20-25" бағдарламасы бойынша қазір Қазақстанда бірде-бір банк ипотека бермейді?! Себебі маусым сайын лимит қойып қойған. Халық банктер алдында түнеуге мәжбүр. Бұл тұрғыда "7-20-25" бағдарламасы бойынша лимитті алып тастау қажет. Бағдарлама 2029 жылға дейін созылады, дегенімен оған дейін аты бар заты жоқ бағдарламаға айналуы әбден мүмкін. Мыңдаған адам банктен мақұлдау алғанымен, лимит кесірінен үйдің кілтін ала алмай жүр", - деді Мұқаев.
Дәулет Мұқаев жастарға берілетін жалдамалы пәтерлерге де қатысты сын айтты. Оның айтуынша, жыл сайын жастарға Астана, Алматы, Шымкентте кемі 1000 пәтерден 3000 пәтер берілу керек.
"Үйдің уақытында салынбауынан жастар жалдамалы пәтерлерін былтыр толық алмады. Яғни, бағдарлама істеп тұрған жоқ. Жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өскендіктен, алдағы уақытта берілетін пәтерлер саны да өсуді талап етеді. Әрі бұл бағдарлама тек 3 қаламен ғана шектелмей, еліміздің барлық аймағында іске қосылу керек. Осы мәселеге байланысты Үкімет тарапынан нақты қандай іс-шаралар атқарылмақ?. Баспана мәселесіне қатысты мұқтаждықты жою мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды жаңартып, қайта қару қажет деп есептеймін", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!