- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ұлы дала" байқауының...
"Ұлы дала" байқауының жеңімпаздары анықталды
Тәуелсіздік күні қарсаңында елордада Amanat партиясының дәстүрлі "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы қорытындыланды. Биыл әдеби дода Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, педагог Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналды.
Сөз басында Мәжіліс cпикері, Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару мәселесі әрдайым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін және мемлекет, партия тарапынан мәдениетке, әдебиетке қолдан келгенше көмек көрсетіле беретінін атап өтті.
"Әдебиеттегі жас буын үшін "Ұлы дала" байқауы айтулы оқиғаға айналды деп ойлаймын. Осы маңызды іс-шараны жыл сайын Тәуелсіздік күніне орайластырып өткіземіз. Өйткені, ұлт тәуелсіздігінің рухани тірегі – оның тілі мен әдебиеті, мәдениеті. Біз өз тарапымыздан сіздерді қолдауға әрдайым әзірміз", - деді ол.
Ерлан Қошановтың пікірінше, қазір қоғамдық кеселге айналған есірткі, лудоманияның белең алуы "рухани қалқанның" болмауынан. Сондықтан оқырманға осы заманның болмысын бейнелейтін тың туындылар, образдар мен жаңа кейіпкерлер керек. Төраға кітапсүйер қауым жаңа толқын қаламгерлерден салмақты, мағыналы дүниелер күтіп отырғанын айтты.
"Біз кітаппен өмір сүрдік. Әдебиет бізге моральдық, рухани қалқан болды. Ал рухани қалқан дегеніміз не? Ол – жастарды, өскелең ұрпақты дұрыс жолға бағыттап, бұрыс жолдан сақтайтын құндылықтарымыз. Бұрын қоғамды кітап тәрбиелесе, қазір интернет пен көше тәрбиелеп жатыр. Мұның жолы – жас ұрпақты отаншылдыққа, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу. Ал, ол құндылықтардың бәрі – кітапта, әдебиетте. Бұл туралы Мемлекет басшысы да әрдайым айтып келеді", - деді Amanat партиясының төрағасы.
Аталған конкурс осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Биыл әдеби доданың облыстық іріктеуі ұйымдастырылып, байқауға бас-аяғы 300-ден астам шығарма келіп түсті. Оның 170-і ақтық кезеңге жолдама алды.
"Ұлы дала" байқауына "Әдеби сын" номинациясын енгізу – үлкен жаңалық болды. Жалпы, әдеби сын болмайынша, әдебиет дамымайды. Байқауға бір емес, бірнеше материал келіп түсті. Оның бәрін ой елегінен өткізіп, лайықты бағасын бердік. Сондықтан бұл жанрға келешекте барынша көңіл бөлу керек", - деді қазылар алқасының мүшесі, әдеби сыншы Амангелді Кеңшілікұлы.
Сонымен, "Поэзия" номинациясы бойынша бірінші орынды Ұмтыл Зарыққан, екінші орынды Айзада Рахымжанова, үшінші орынды Ербол Алшынбай иеленді.
"Проза" номинациясында бірінші орынға Бақытбек Қадыр, екінші орынға Саян Сексенбаев, үшінші орынға Мерей Қайнарұлы лайық деп танылды.
"Балаларға арналған шығарма" номинациясы бойынша бірінші орынды Нұрбек Кеңесбай, екінші орынды Абай Орынбай, үшінші орынды Ақмарал Омарова қанжығалады.
"Драматургия" номинациясында бірінші орынды Қанат Тілеухан, екінші орынды Тайбек Абдуллин, үшінші орынды Қуат Қиықбай жеңіп алды.
"Әдеби сын" номинациясы бойынша бірінші орын Біржан Ахмерге, екінші орын Анар Абдуллинаға, үшінші орын Мейір Оразғалиевке бұйырды.
Сонымен қатар "Алаш аманаты" арнайы сыйлығын зерттеуші-ғалым Бақтияр Бәтеу, "Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы" арнайы сыйлығын арнайы сыйлығын ақын, сатирик Абылай Мауданов иеленді.
"Қазір әдебиетпен кәсіби айналысуға мүмкіндік аз. Біріншіден, қаламақы мәселесі шешілген жоқ, екіншіден бізде кітап нарығы әлі қалыптаспай жатыр. Әйткенмен, осы олқылықтың белгілі бір бөлігін әдеби байқаулар толтырып отыр. Бұл қадам шығармашыл жастарды жазуға ынталандырады. Сондықтан, осындай әдеби байқауларды үзбей, жыл сайын өткізіп тұру керек", - деді байқау жеңімпазы, жазушы Бақытбек Қадыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан