Ұлттың үні – әйелдің үні: Президенттің ұлттық киім туралы үндеуінің астары

"Біз дәстүрімізді бұзбай, ұлттық киімімізді киюіміз керек", – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі соңғы уақытта ұлттық құндылықтар мен әйел рөлін жаңаша пайымдауға түрткі болды. Бұл – жай ғана эстетика туралы емес, бұл – терең мәдени және идеологиялық бағдар. Президенттің бұл үндеуі – әйел болмысын тек әлеуметтік шеңберде емес, ұлттың рухани діңгегі ретінде бағалау, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақ әйелі – ұлттың діңі, дәстүрдің сақтаушысы

Қазақ қоғамында әйел әрқашан тектіліктің, тәрбиенің, ұрпақ жалғастығының иесі ретінде құрметтелген. Оның болмысы – сөзінде ғана емес, киген киімінде де. Камзол, кестелі көйлек, зерлі белбеу – мұның бәрі оның үнсіз тілде сөйлейтін болмысы. Президенттің ұлттық киімді күнделікті өмірге қайта әкелу туралы сөзі – ұлт ретіндегі бірегейлігімізді сақтауға шақыру. Ұлттық киім – той мен сахнаның ғана сәні емес, ол – мәдени коды бар халықтың күнделікті стиліне айналуы тиіс.

 Бұл тұрғыда Мәдениет және ақпарат министрі, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Аида Балаева:

"Біздің мәдени кодымыз – бұл әйелдің үні, ана тілі, ұлттық киім, киелі ұғымдармен сабақтасып жатыр. Әйел – мәдениеттің тірегі, қоғамның бет-бейнесі", – деп атап өтті.


Әйел құқығы мен ұлттық құндылық қатар жүруі тиіс

Гендерлік саясат пен ұлттық болмыс бір-біріне қайшы емес. Керісінше, олар үйлесе дамығанда ғана қоғам тең, тұрақты және әділетті болады. Бұл бағытта Amanat партиясының төрағасы, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов:

"Президенттің саяси реформаларының арқасында елімізде әйелдердің өкілді органдардағы үлесі артты. Түрлі саладағы бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бүгінде партия мүшелерінің 60 пайызы – әйелдер. Әйелдер қанаты – партия мен қоғам арасындағы шынайы көпір. Бұл құрылым арқылы әрбір белсенді әйелдің үні естіледі, идеясы жүзеге асады", – деді.

Сондай-ақ, партия жанындағы әйелдер құрылымының бастамасымен отбасындағы зорлық-зомбылықты азайтуға бағытталған заң жобалары қабылданып, бүгінде елімізде 69 дағдарыс орталығы мен паналау үйлері жұмыс істеп тұр.


Өңірдегі әйелдер – нақты іспен үлгі

Ақтөбе облысындағы Amanat фракциясының жетекшісі Күлпаршын Айдарханова:

"Дем" жобасы ауыл жастарына өз ісін бастауға мүмкіндік беріп отыр. Қыз-келіншектер енді тек тұтынушы емес, өнім мен идея тудырушыға айналуда", – деді.

Жамбыл облысындағы Әйелдер күштер альянсының төрайымы Амина Қайназарова:

"Бизнес бастаған әйелдерге 3-5 жыл салықтық жеңілдік беру керек. Әйелдің еркіндігі – экономикалық тәуелсіздігінде", – деді.

Ал Атырау облысынан келген ауыл әкімі Рафиғат Тажиденова:

"Бос тұрған үйлер мен жер телімдерін бизнес нысандарына айналдыру – ауыл әйелдерінің мүмкіндігін кеңейтеді", – деген ұсыныс айтты.

Бүгінгі қазақ әйелі – заманауи технологияны меңгерген, саяси процестерге араласатын, бірақ сонымен қатар бесік жырын айтып, ұлтының киелі киімін қадірлейтін тұлға. Президенттің "ұлттық киім киюіміз керек" деген сөзін осы кең мағынада ұғынған жөн. Бұл – ұлттың тамырынан ажырамау, дәстүр мен заманауи өмірдің арасын жалғау. Себебі әйелдің үні – ұлттың үні. Ал әйелге көрсетілген құрмет – болашаққа салынған ең мықты инвестиция.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!