"Ұлттың болашағын тоздыру ма?" Ринат Зайытов ҰБТ-ны негізсіз қымбатқан компанияны тексеруді сұрады

"Ұлттың болашағын тоздыру ма?" Ринат Зайытов ҰБТ-ны негізсіз қымбатқан компанияны тексеруді сұрады
Фото: instagram.com/testcenterkz

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) тапсыру 2 есе қымбаттатағанын айтып, салаға жауапты жеке компанияны тексеруді сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады.

"2019 жылдан бастап еліміздегі Ұлттық бірыңғай тестілеу және педагог қызметкерлерінің біліктілігін тестілеу "Тест жүйелерін жетілдіру" деген желеумен U-STUDY секілді жеке компанияларға келісімшарт арқылы берілген. Бәлкім бұл келісімнің ар жағында шынымен жақсы ниет болған шығар. Алайда, бүгін біз бұл тәжірибенің өте сәтсіз болғанын көріп отырмыз. Ол сәтсіздіктің салдарын тағы да қарапайым халық тартып отыр. Дәлірек айтсақ, келісім жасалғаннан бері ҰБТ-ның бағасы 2 240 теңгеден 5 640 теңгеге, яғни 2 есеге өсті. Бұл біріншіден", - деді Ринат Зайытов.

Екіншіден, өңірлерде 114 ҰБТ өткізу пункті жабылып, тест тапсырушыларға қосымша жол мен жатын орын шығынын алып келген.

"Мысалы, тест тапсыру – ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік пен қуаныш. Олар баласын қолдап, барын салып орталыққа баруға мәжбүр. Өйткені, тестілеу пунктері аяқ-жетім жерлерден алыстап кетті. Онсыз да табысынан шығыны көп халыққа, бұл тағы бір салмақ болып отыр", - деді депутат.

Ринат Зайытов компанияның мемлекетке келтірген зиянына тоқталды:

Біріншіден, 2019 жылы Ұлттық тестілеу орталығының шотынан 46 млн теңгеден аса қаражат U-FUTURE компаниясына бағдарламаны қамтамасыз ету үшін тікелей бір-көзден берілген. Бірақ біздегі ақпарат бойынша қаражатқа сай бағдарламалық қызмет көрсетілмеген.

Екіншіден, 15 жыл бойы сараптамадан өткен мыңдаған оқытушының еңбегімен келген, жүздеген млн теңге тұратын Ұлттық тестілеу орталығына тиесілі 21 мыңға жуық тест сұрағы мен тапсырмасы өтеусіз негізде U-FUTURE ұйымына тегін берілген. Аталған компания осы тест тапсырмаларын пайдалана отырып, педагогтар үшін ақылы негізде сынақ тестілеуін өткізіп отыр. Мұны U-FUTURE ЖШС-нің өңірлік тестілеу орталықтарындағы педагогтердің сынақ тестілері бойынша оңай тексеруге болады.

Үшіншіден, тест сұрақтары мен тапсырмаларының қауіпсіздігі, яғни құпиялылығы сақталмай отыр. Оған да негіз жоқ емес. Бізге түскен өтініштер мен ақпараттар бойынша, кейбір өңірлерде 3 млн теңгеге дейін пара алып, серіктестік өкілдері талапкерлерге жоғары балл жинауға көмектеседі екен.

Депутат Үкімет басшысының орынбасарына бұл деректерді тексеру керектігін атап өтті.

"Құрметті Тамара Қасымқызы, осының барлығын көріп, біле тұра, сіздер неге нақты әрекет жасамайсыздар?! Белгілі бір топтардың қалтасын халық толтырып, уәкілетті органдар олардың зиянды істеріне жол ашып отырғанын хабардарсыздар ма?! "ҰБТ" деген – Ұлттық біріңғай тестілеуме, әлде Ұлттың болашағын тоздыру ма?

Осы байланысты сізден барлық тестілеу жұмысын Ұлттық тестілеу орталығына тез арада қайта беруді қарастыруыңызды, мемлекеттік мекемелер көрсете алатын қызметтерге көлденең көкаттылардың араласуына тыйым салуыңызды сұраймыз", - деді Ринат Зайытов.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz