- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұлттық валютаның тұрақтылығы...
Ұлттық валютаның тұрақтылығы неге тәуелді?
Ел экономикасы үлкен механизм негізінде қозғалатын машина іспеттес. Оның бір бөлшегі осал болса, механизм қызметінің өнімділігі азаяды. Сәйкесінше, ел экономикасының қуатты болуы оның барлық секторының дамуына тікелей байланысты.
Қазақстан ұлттық валютасы импортқа жартылай, ал экспортқа толықтай тәуелді. Елдің ішкі нарығына импортталатын тауарларға төленетін қаржы өзге елдің экономикасына инвестиция құйғанмен бірдей. Демек қаржы ағымы Қазақстанның нарық айналымынан кетеді. Ал отандық өнімді экспорттау - кез келген ел үшін тиімді. Бірақ ел ішіндегі сұранысты қамтымай, мұнай сынды минералды ресусртарды шикізат күйінде экспорттау тиімсіз.
Қазақстан "голланд ауруына" мұнай экспорты көлемін арттыра бастаған кезде шалдыққан. Тек оның диагнозы 2014 жылы ғана анықталды. Қазіргі заманның экономикасында "голланд ауруы" деп мұнай экспорты көлемінің күрт өсуі есебінен ел экономикасының тиімділігінің төмендеуін айтады.
Айта кетсек, 1959 жылы Голландияның Гронинген провинциясында табиғи газ кен орны табылады. Нидерланды өкіметі шикі өнімді өндіруді үдетіп, экспорттан мүмкін болған бар қаржыны иемденуді жоспарлайды. Жоспардағыдай, Нидерландының ұлттық табысы артып, жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) өседі. Сәйкесінше, аталмыш елдің ұлттық валютасы да қуатталады. Табыс көзі артқаннан кейін, ел азаматтарының тұтыну мүмкіндігі өсіп, сырттан келетін әртүрлі тауарлар мен қызметтерге сұраныс артады. Осылай Голландия импортқа тәуелді бола бастайды. Елдің отандық өнімдері импортталатын тауарларға төтеп бере алмай, өнім шығару коефициенті азаяды. Жұмыссыздар саны артып, энергетика секторында қызмет етпейтін ел азаматтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмендейді. Бұл ішкі нарықтағы экономикалық хаостың пайда болуына алып келіп, ұлттық валюта құны күрт құлдырайды.
Қазіргі таңда, Қазақстан экономикасында да дәл осындай үдеріс байқалып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, еліміз Нидерланды елінің қателігін қайталап отыр.
Ұлттық валютаның статусын сақтап қалу үшін елдің мүмкін болған барлық экономикалық секторын дамытуға күш салу керек. Мысалы, туризм, денсаулық сақтау, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен ісі, банк қызметі, білім беру, ауылшаруашылық кешені, металл өңдеу және машина жасау сынды секторларын үдемелі даму жоспарына енгізу керек.
Қоғамда теңге бағамын мұнай бағасына қатысты өзгеріп отыратыны жайлы жиі естиміз. Бұл елімізде жалғыз экономикалық сектордың дамығанын білдіреді. Ол - энергетика. Десе де, ел ішінде мұнай синтезінің өнімдеріне деген сұраныс толығымен қамтылмаған. Мұнайдың шикі өнімін экспортқа шығарып, оның дайын өнімін импорт жасап жүр.
Ж. Өрісбай