- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Теңге күніне орай сұхбат
Ұлттық валютаға 31 жыл: сарапшы теңгенің болашағы туралы не дейді?
15 қараша - Ұлттық валюта күні. Кейінгі кезде халық тарапынан теңгенің болашағына қатысты күмәнді сұрақ көп. Massaget.kz тілшісі Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағының төралқа төрағасы, сарапшы Рашид Жақсылықовпен сұхбаттасты.
Рашид Жақсылықов
Сарапшының сөзінше, ұлттық валютаның тұрақсыз болуы - мемлекеттің экономикасының әлсіздігінің көрсеткіші. Экономикасы мықты, өндірісі дамыған және жаңа технологияға бейім мемлекеттердің экономикасы әрқашан да тұрақты болады. Рашид Жақсылықов бұл елдердің халқы 10-15 жылға жоспар жасай алатынын да айтады.
"Бір ғана мысал: Қазақстанда 2013 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері 43 мың теңге болды делік, сол кездегі ақшамен бұл - шамамен 275 доллардың төңірегі. Қазір ең төменгі зейнетақы 101 мың теңге болса да, 220 долларға да жетпейді. Жай ғана арифметика. Ұлттық валютаның тұрақсыздығы - азаматтардың психологиялық тұрғыдағы "комфортынан" айырылуы", - дейді ол.
depositphotos.com / ProjectDesign.kz
Рашид Жақсылықов теңге тұрақсыз болуының басты себебін мұнаймен, яғни экономиканың бір бағытқа қана байланып қалуымен байланыстырады.
"Мұнай өндірісі Қазақстанның 50 пайызға жуық бюджетін жауып отыр және ұлттық қордың 70 пайызы. Егемендік алғалы мұнай бағасы қаншалық құбылды, қанша рет құнсызданып кетті?! Бұл - экономиканың әртараптанбағанының көрсеткіші.
Ең құрығанда 4 экономикалық күш, ауыл шаруашылығы, туризм, жаңа технологиялар, медицина әлсіреп қалған кезде бірін-бірі өндіріс көзі ретінде қолдап кете алатындай, балама экономикалық жол болмай тұр", - деді ол.
depositphotos.com
Сарапшы бұл жағдайдың бәрі тікелей халықтың тұрмысына әсер ететінін жеткізді.
"Өзіміз ештеңе өндірмегеннен кейін шетелден сатып аламыз. Қытаймен сауда қарым-қатынасында доллармен есеп айырысамыз. Еуропамен еуромен есеп айырысамыз. Экономикамыз Ресеймен де тығыз байланысты. Теңге әлсіреп, құнсызданатын болса, алатын өніміміздің де бағасы өседі. Қазір доллар бағамы 490 теңге болып тұрса, ертең 510 болып кетсе, ортадағы 18-20 теңгені азаматтардың айлығына қосып беретін болса, ешқандай өзгеріс болмаушы еді, ол қосылмайды ғой. Бір жылдың ішінде теңге қанша рет құнсызданады - сонша рет айлық табысың төмендейді. Сондықтан теңгенің тұрақсыздығы азаматтардың ахуалына тікелей әсер етеді. Теңге құнсызданған сайын техникалық, тұрмыстық заттарды, киім алуды тоқтатуымыз мүмкін. Қазірдің өзінде қазақстандықтардың табысының алпыс пайызға жуығы тек тамаққа кетіп жатыр", - деді ол.
"Көп бөлігі тамаққа кетеді". Зейнеткерлерге зейнетақысы жете ме?
Анықтама: деректерге сүйенсек, қазақстандықтар азық-түлікке орта есеппен ай сайын шамамен 114 мың теңге жұмсайды. Сауалнамаға қатысқандардың 30 пайызға жуығы 30 күнде 75-100 мың теңге аралығында ақша жарататынын айтқан. Әрбір бесінші тұрғын, яғни 17 пайызы ай сайын тамаққа 100-150 мың теңге бөледі. Тағы 12 пайызы 75 мыңға дейін, қалған 10 пайызы 150-200 мың теңге қаржысын тамағына арнайды екен.
©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Рашид Жақсылықов теңгенің болашағына күмәнмен қарайтын азаматтарға екі кеңес берді.
"Ақша сақтаудың баяғыдан келе жатқан екі құралы бар. Біріншісі - міндетті түрде тұрақты валютада сақтау. Ол тек доллар, еуро емес. Өйткені жуырда Америкада сайлау өтіп, Дональд Трамп жеңіп еді, еуро бірден құлдырап кетті. Тұрақты валюталардың арасында осындай құбылыстар болып тұрады, дегенмен екі-үш валютада сақтаған дұрыс дер едім. Біз жиі қай мемлекетпен сауда жасаймыз? Қытаймен. Демек, юаньмен ұста. Тағы бір амалы бар: жылжымайтын мүлікке салу. Үй алу, кәсіпке пайдаланатын жер алу, т.с.с. Теңге құнсызданып жатқан кезде болашаққа ақша қалып жатса, осы екі жолды айтар едім. Бірақ инвестиция деген - өте қызық әңгіме. Шынына келгенде, күн көрісіне әзер ақша қалдырып жатқан, банктің алдында несиелерін зорға жауып жүрген адам инвестицияға қандай ақша қалдырады?!" - дейді сарапшы.
©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Сарапшы теңгеміз қашан тұрақталады деген сауалға да жауап берді.
"Ешкімге құпия емес, теңге әлсірей бастаған кезде интервенция жасалады: Ұлттық қордан доллар сатып алып, банкке құю. 30 жылдың ішінде теңгенің әдемі санын ұстап отырамыз деп қанша миллиардтаған долларды далаға құйдық?! Сол долларлардың бәрі Қазақстанда өндірісті дамытуға, қалалар тұрғызуға, газ, электр энергиясының тапшылығын жоюға жұмсалғанда...
Экономикалық мүмкіндіктерді дамыту арқылы ғана теңгенің тұрақтылығын орнатамыз. Ішкі тұтынысқа қажет нәрсені өзіміз өндіргенде, ішкі тұтынысымыздан артылған өнімді сыртқа сатқан кезде, сырттан келетін доллар көбейген кезде біздің теңге тұрақталады. Құнсыздану деген - теңгеге сұраныстың азаюы", - деді сарапшы.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжіліс кулуарында "доллар бағамы тағы өсе ме?" деген сауалға жауап берді.
Сондай-ақ экономист Сапарбай Жобаев доллар бағамына қатысты алдағы уақытта қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтқан еді.
Анықтама: Теңге - Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы. 1992 жылы 27 тамызда Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Кейін суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Ұлыбританияға аттанды. 1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылы 15 қарашада айналысқа енгізілді.
"Егемен Қазақстан" газеті 1993 жылы 16 қарашада жариялаған сурет/ашық дереккөз
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова