ҚР Конституциясы күні қарсаңында елорда іргесіндегі Астана халықаралық әуежайының маңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланына арнап салынатын жаңа әуе базасының құрылысын бастауға арналған салтанатты шара өтті. Нысан басында ауқымды жұмыстарға жолашар естелік капсула қойылды, - деп хабарлайды BNews.kz.
Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің мәліметінше, маңызы бөлек шараға Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, атқарушы билік органдарының басшылары мен өкілдері, ардагерлер қауымы мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының басшы құрамы қатысты.
Бүгінгі таңда Ұлттық ұланның әуе базасы (3656 әскери бөлімі) Алматы облысы Боралдай кентінде жалға алынған жер телімінде орналасқан. Боралдай әуежайының радиотехникалық мүмкіндіктері көлік кемелеріне ауа-райының күрт бұзылған қиын мезгілдерінде, сондай-ақ түнгі уақытта және ұшақ сипаттамаларына сай жүк тасымалын лайықты жүргізіп, ұшып-қонуға мүмкіндік бермей келеді.
Осы жайттарға орай Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан қолбасшылығы тарапынан әуе базасын Астана іргесіне көшіру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда жаңа құрылыс нысанын салуға арналған бірінші кезекті құрылыс-жобалау жұмыстары басталып кетті. Ал құрылысты келесі жылдың соңына дейін толықтай аяқтау жоспарланған.
Әуе техникасына арналған нысан аэродромнан және әкімшілік, парк, шаруашылық аймақтарынан тұратын болады. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әуе эскадрильясы, әуе және арнайы автомобильдік техникаларына арнап арнайы әуе базасының құрылысын салу еліміздің тыныштығын қорғау қызметін жетілдіруге, жауынгерлік міндеттердің сапалы атқарылуына мүмкіндік берері сөзсіз.
Осы орайда атап өтер болсақ, бұл қабылданған шаралар жеке құрамды міндеттемелер атқаруға тиіс жерлерге жылдам жеткізуге, осының арқасында ұтқырлық қимылдарының үстем болуына жол ашады. Төтенше оқиғалар уағында әуе көлігі арқылы қылмыстық элементтерді жедел іздестіру, жою, зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсетуге зор мүмкіндік ашылады.
Қорыта айтқанда, Ұлттық ұланның авиациясы еліміздің Қарулы Күштерінің, ҰҚК Шекара қызметінің әуе қорғаныс әскери бөлімдерін біріктірген Әуе күштері жүйесіндегі зор күш-қуатқа ие, әрі ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде жоғарғы міндеттемелер жүктелген бірегей құрылымдық тармағы болып табылады.