Батыс өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, Орал қаласында Ұлттық ұланның жауынгерлері жоғалған 3 жасар қызды тауып берген. 5517-әскери бөлімінің жауынгерлері кіші сержант Дәулет Қыдырғалиев және қарамағындағы қатардағы жауынгер қала көшелеріндегі тәртіпсіздіктің алдын алу жұмыстары кезінде кішкентай қызды байқайды. Жол бойында ата-анасының қарауынсыз келе жатқан қыз балаға жолыққаннан кейін Нарғыздың ата-анасынан көз жазып қалғанын біледі. Ұлттық ұлан жауынгерлері сол мезетте адасып қалған қызды жақын маңдағы полиция бөлімшесіне жеткізіп, көп ұзамай Нарғызды ата-анасының қолына табыстады. Қыздың әкесі Серік Азамат 5517-әскери бөлім командирі, подполковник Мақсат Бөлтіріковтің атына хат жолдап, бөлім жауынгерлеріне ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, барша қазақстандық ата-аналар қауымына үндеу тастап, өздерінің жіберген қателіктерін қайталамауды сұрады. Арты жақсыға жалғасқан бұл оқиға көпке сабақ болар деп үміттенеміз.