Атақты Louis Vuitton компаниясынан бірлесіп жұмыс істеуге шақырту алған 22 жастағы астаналық Айнұр Полатова бизнесіңді сат деп хабарласқандар болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Полатова Soz YouТube-арнасындағы TALKY podcast жобасында айтты.
"Жақсы бір биіктерге көтерілген кез. Маған шығатын инвесторлар өте көп. Басында қаншама инвестор іздесем, қазір маған шығады. Солардың бірі "жобаңды түгел сатып алайық" деді. Бір соманы айтты. Біреуге көп, біреуге аз болар. Бірақ барлық қажеттілігімді жауып, емін-еркін өмір сүретініме жететіндей орташа ақша", - дейді Айнұр Полатова.
Алайда ол жобасын сатудан бас тартқан.
"Жоқ дедім. Себебі бұл нәрсе менің балам секілді. Менің ішімнен шыққан, бар жан-тәнімді берген артында үлкен тарихы бар құнды нәрсе. Екіншіден, ол адамның көздегені ақша", - дейді Айнұр.
Еске салайық, бұған дейін ұлттық ойынды дамытып жүрген қазақ қызы Айнұр Полатова Louis Vuitton-нан шақырту алғанын жазған болатынбыз. Айнұр - Еуразия ұлттық университетінің 2-курс магистранты. Негізгі мамандығы - қазақ филологиясы. Ақтөбе облысының тумасы қарапайым отбасынан шыққан. Ұлттық ойындарды әлемдік деңгейге көтеру идеясы пайда болғанда айтарлықтай қаржысы да болмапты. Алайда ниеті мен сапалы өнімі осындай нәтиже көрсетіп, берекелі болып отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!