- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұлттық музейде «Тарихи...
Ұлттық музейде «Тарихи жады және тағылым» атты көрме ашылды
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Отырар мемлекеттік археологиялық қорығы мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мұражайларының топтамаларынан «Тарихи жады және тағылым» атты көрме ашылды.
Көрмеде Отырар және оның төңірегіндегі ортағасырлық қалалар мен қалашықтардағы бірнеше жылдық зерттеулер мен археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған керамикалық ыдыстар, қоладан, металдан жасалған жәдігерлермен бірге ғимараттарды әсемдеуге қолданылған құрылыс кірпіштері мен тақташалар, қару-жарақтар, алтын, күміс, мыс, қоладан соғылған теңгелер т.б. асыл мұралар көпшілік назарына ұсынылды.
«Қазақ хандығының 550 жылдығы» дегеніміз біздің мемлекеттілігіміздің ең бір тағдыршешті кезеңі. Ол кезеңді жете ұғынып, тарихи шындықты білу үшін, сол кезеңнің жәдігерлеріне жүгінуіміз қажет. Осындай үлкен миссияны атқару үшін Елбасының тапсырмасымен Үкімет «Қазақ хандығының 550 жылдығын» жоғары деңгейде өткізу жөнінде арнайы қаулы қабылдады. Осыған орай тиісті іс-шаралар жер-жерде өтіп жатыр. Бұған мемлекеттік құрылымдар ғана емес, бүкіл халық атсалысуда. Біз осы шараларды жоспарлы түрде жүргізе отырып, өз тарихымызды жақсы тани түсеміз. Дос, дұшпанымыздың алдында бай тарихымызды өз дәрежесінде көрсетіп, насихаттау үшін, мұндай көрмелердің маңызы ерекше. Қазақ хандығының тарихынан сыр шертіп, мәлімет беретін көптеген құнды жәдігерлер бүгін Ұлттық музейге келіп отыр. Мұндай көрмелер Қазақстанның барлық өңірінде жалғасын табуы тиіс», - деді көрменің ашылуында Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай.
Қайталанбас тарихи деректерді еліміздің әр аймағында дәріптеу бүгінде Отырар мұражайының жоспарлы істерінің бірі болып табылады. Бұған дейін көрме еліміздің 8 облысы мен 15 қаласында «Көне Отырар жәдігерлері», «Фараб-Отырар өркениеті», «Отырарда ойлылардың ізі қалған» деген тақырыптармен ұйымдастырылды.
Көрме кезінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайы елорда жұртшылығы мен қонақтарының назарына 160-қа жуық жәдігерін ұсынды. «Кез келген жәдігерді сөйлету және оны насихаттау музей қызметкерлерінің абыройлы борышы. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайының қорында 24 мыңнан астам тарихи жәдігер бар. Біз бүгін солардың ішінен 160 жәдігерді алып келіп отырмыз. Олардың арасында Қабанбай батырдың қанжары, Қазақ хандығы кезінде жасалған күмістер, шырағдандар бар. Мұның барлығы біз үшін және ел үшін аса қымбат дүние.
Музей жұмысының бірден-бір көрсеткіші - көрме. Кез келген көрмеге қойылған зат адамға ақпарат беріп тұруы тиіс. Егер, экспонат адамның танымын арттырып, сезімін селт еткізбесе онда көрме бекер ұйымдастырылған болып шығады. Бүгінгі көрмеге келген өнерсүйер қауым рухани ләззат алып, әр жәдігердің сырын тереңірек түсініп кетеді деп үміттенеміз»,- деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайының директоры Мәулен Садықбеков.
«Түркістан аймағының Қазақ хандығы үшін маңызы», «Хан Ордасы Түркістан», «Қазақ хандығының мәдениеті» деген бөлімдерден тұратын көрме Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында еліміздің бірнеше музейлерінде қойылатын болады.
Айта кету керек, «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында барлық аймақтық музейлер Ұлттық музейде өз көрмелерін ұйымдастыруға мүмкіндік алып отыр. Бұған дейін астаналықтар мен қала қонақтары Қарағанды, Павлодар облыстық музейлерінің құнды жәдігерлерімен танысқан еді.
«Тарихи жады және тағылым» көрмесі 4 желтоқсанға дейін жалғасады.
Н. Айдархан