Ұлттық құрамадағы орынға бақталас: Ақтөбеде дзюдодан Қазақстанның іріктеу чемпионаты өтеді

Ақтөбеде өтетін дзюдодан Қазақстан чемпионатында ел құрамасына кіру мүмкіндігі де сарапқа салынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақтөбедегі татамиге халықаралық жарыстарда мол тәжірибесі бар көшбасшылар шығады. Ал оларға қарсы шығатын жас спортшылар өз мүмкіндіктерін көрсетуге тырысады. 

"Жақында бізде Қазақстан чемпионаты өтеді. Осы чемпионаттың қорытындысы бойынша құраманы анықтаймыз. Жас спортшылардан кімді атап өтер едім? 60, 73 және 81 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде мықты спортшылар бар. Енді олар ел чемпионатында өз мүмкіндіктерін және бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Егер жақсы қырынан көрінсе, негізгі құрамға қосылады. Жалпы көргендеріңіздей, біздің құрама қазір өте жас. Негізінен 2000 жылдан кейінгі дзюдошылар өнер көрсетіп жүр," - деп айтты ерлер командасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов.

Федерацияның баспасөз қызметінің мәліметінше, турнирге Қазақстанның 17 облысынан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 500-ден астам спортшы қатысады. Төрт күндік бағдарлама аясында қатысушылар ерлер мен әйелдер арасында жеті салмақ дәрежесінде (әрқайсысында жеті салмақтан) мықтыларды анықтайды.

Биыл қатысушылар саны былтырмен салыстырғанда көп. 2023 жылы Қазақстан чемпионатына 450-ден астам дзюдошы қатысқан еді. Жарыс "Қоныс" спорт кешенінде өтеді.

Қазіргі уақытта 2024 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпаздары Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаевтың Қазақстан чемпионатына қатысатыны туралы ақпарат жоқ. Алайда бұл спортшылардың татамиге шығуы мүмкін.

Ақтөбеде өтетін Қазақстан чемпионаты осы маусымның соңғы жарысы болмайды. Желтоқсан айында біздің құрама Токиода (Жапония) өтетін Grand Slam қорытынды турниріне қатысады. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!