Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин ұлттық қордағы қаржыны 4 жылда қалай 100 млрд долларға жеткізетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінде "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы таныстырылды.
Отырыста депутат Ұласбек Сәдібеков ұлттық қордағы қаржы қалай үнемделетінін сұрады.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қордағы қаржыны тиімді пайдалану керегін үнемі айтады. Бірақ осыған қарамастан біз бюджет туралы заң жобасын талқылағанда жыл сайын 4,5-5 трлн теңгені ұлттық қордан алып жаратамыз. Ұлттық қордағы қаржыны 100 млрд долларға жеткізу үшін нақты қандай іс-шараларды қабылдап жатырсыздар?", - деді
Азамат Әмриннің сөзіне сенсек, 4 жылда қорға 38 млрд доллар түсуі керек.
"Иә, біз мұны істейміз. 2024-2025 жылдары нысаналы трансферттер бөлінетінін ескерсек, 2025 жылдың соңында ұлттық қордағы таза активтің көлемі 62 млрд доллар болады. 2029 жылға дейін біз ондағы қаражатты 100 млрд долларға жеткізуіміз керек. Ол үшін 4 жылда 38 млрд доллар табуымыз қажет. Демек, орташа есеппен жылына ұлттық қорға 9,5 млрд доллар салуымыз шарт.
Жыл сайын біз 90 млн тонна мұнай өндіріп, 12 млрд доллар пайда тауып отырмыз. 2025-2026 жылдары бұл көрсеткіш 14 млрд долларға дейін жетеді деген болжам бар", - деді вице-министр.
Министрдің орынбасары 2026 жылдан бастап ұлттық қордан алынатын қаржы азаятынын атап өтті.
"Енді біз кепілдендірілген нысаналы трансферттен 2 трлн теңге ғана аламыз. Мысалы, биыл біз трансферттен 3,6 трлн теңге, 2025 жылы – 5 млрд 250 млн теңге, 2026-2029 жылдары тек 2,5 трлн теңге ала аламыз. Басты міндетіміз – нысаналы трансферттен мүмкіндігінше ақша алмау. Бірақ ұлттық қордағы алуға болатын резерв шамамен 2 трлн теңге ғана болады", - деді Азамат Әмрин.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!