Биыл Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің 400 млрд теңгеден астамы қысқартылып, шамамен 2 трлн 480 млрд теңгені құрады.
Бұл шара қор қаражатын үнемдеу үшін жасалып отыр. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі осылай деді.
Алайда сенатор Дулат Құсдәулетов биыл бюджет кірісінің шамамен тең жартысы ұлттық қор қаражатын пайдалану арқылы қалыптасқанын тілге тиек етті. Тіпті, бұлай жалғаса берсе, ондағы қыруар қаржы сарқылып қала ма деп алаңдаушылық білдірді. Ал, депутаттың күдігін еліміздің бас экономисі Қуандық Бишімбаев сейілте қойған жоқ. Сала басшысы егер ұлттық қор қаражаты дәл қазіргідей жұмсала берсе, алдағы 2-3 жылда 56-57 млрд АҚШ доллары көлемінде ғана қаржы қалуы мүмкін екенін жасырмады. Бірақ, бұған жол бермес үшін тиісті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Айта кетейік, былтыр қор қаражатының жалпы көлемі 97 млрд АҚШ доллар болатын.
Дулат Құсдәулетов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: - Елбасы Қазақстан халқына жолдауында күнделікті шығындарға Ұлттық қор қаражатын пайдалануды тоқтатуды талап етті. Ағымдағы жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкімет пен Ұлттық банкке қор трансфертін қатаң реттеуді тапсырды. Алайда Үкімет бюджетті толықтырудың тиімді жолдарын қарастырудың орнына, ағымдағы мәселелерді шешу үшін Ұлттық қор қаражатын қаржылық институт көзі ретінде пайдаланып отыр. Біз бұған келіспейміз. Себебі, ондағы қаржы азайып барады. Сіздер бұл ретте қандай шаралар қарастырасыздар? Қор қаражаты қай уақытқа дейін жетеді? Ұлттық қорға түсім түспей отыр. Қор құрылған кезден бастап оның жылдық кірісі небәрі 3,56%-ды құрады.
Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі: - Әрине, сіз айтқан жайттармен біз келісеміз. 2015-2016 жылдары әлемде мұнай бағасы өзгергендіктен, бюджет кірісі төмендеп кетті. Бірақ, біз биыл Ұлттық банктен кепілдендірілген трансферт көлемін азайтып отырмыз. Ал, келер жылы қордан тартылатын мақсатты трансферт көлемін де қысқартамыз. Әрине, дәл қазір қор қаражатын пайдаланудан мүлде бас тарта алмаймыз. Дегенмен алдағы 3 жылда біз бюджет шығыстары теңгерімін жүйелеп, қордан тартылатын қаражат көлемін реттейміз. Жыл соңына дейін ұлттық қор қаражатын басқарудың жаңа тұжырымдамасын Президенттің қарауына ұсынамыз. Онда нақты механизмдер көрсетіледі.
Дереккөз: 24.kz