Ұлттық қорда қанша қаражат бар - Төраға қараша қорытындысын жариялады

Ұлттық қорда қанша қаражат бар - Төраға қараша қорытындысын жариялады
Фото: Тұрар Қазанғапов

Ұлттық қордағы жалпы халықаралық резервтер қараша айындағы нәтиже бойынша 105 млрд долларды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сүлейменовтің сөзінше, жыл басынан бері жалпы халықаралық резервтер 9,5%-ға өсіп, 105 млрд долларды құрап отыр. 

"Ұлттық банктің алтын валюта резервтері жыл басынан 23%-ға артып, 44,2 млрд долларды құрады. Ұлттық қордың активтері жыл басынан 1,3%-ға ұлғайып, 60,8 млрд долларды құрады. Жыл басынан қорға түскен қаражат сомасы 3,7 трлн теңге, ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферттер көлемі 5,3 трлн теңге болды. Ұлттық қордың инвестициялық табысы 9,5% немесе 5,7 млрд долларды құрады", - дейді Ұлттық банк төрағасы.

Қорға түскен қаржы көп, республикалық бюджетке берілетін трансферттер көлемі де аз болмай тұр. 

Қордағы қаражат өсіп жатыр, ал инфляция ше?

Сондай-ақ!Ұлттық банк басшысы инфляцияның 5 пайыздық орта мерзімді мақсатты деңгейіне жету үшін ақша-кредит саясатын қатаңдату қажеттігін бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

"Әлемдік азық-түлік бағасының өсуі мен Ресейдегі инфляцияның жеделдеуі аясында 29 қарашада базалық мөлшерлеме 15,25 пайызға дейін көтерілді. Қараша қорытындысы бойынша жылдық инфляция 8,4 пайыз деңгейінде қалыптасты, оған азық-түлік тауарлары бағасының баяулауы әсер етті", - деді Тимур Сүлейменов.

Айта кетейік, бұған дейін Сүлейменов Ұлттық қордан алынатын қаражат түсімдерден артық болғандықтан, теңгерім әлі де теріс күйде қалып отырғанын айтқан болатын. 

 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет