Балалар арасында өткен Жайдарман ойындарының жаңа маусымы - Mausymashar-2024 Астанада еліміздің әр түкпірінен жиналған 400-ден аса әзілкештің басын қосты. Қатысушылар 29 қаңтар мен 1 ақпан аралығында 4 күн бойы Bala Jaidarman (12 жасқа дейін) және Jaidarman junior (12-16 жас аралығында) атты екі лигада бақ сынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Биылғы маусымның басты ерекшелігі оның "Жайдарман" ересектер лигасынан бөлініп шығуы екенін айта кеткен жөн.
"Жайдарманның" негізін қалаушы Есен Елеукеннің айтуынша, жас ойыншылар үшін бөлек бастама - тек форматты өзгерту емес, ойынның өзін дамытудағы маңызды қадам. Балаларға ересек командаларға еліктемей, өз ойын еркін жеткізе алатын кеңістік қажет.
Оның сөзінше, қазіргі заманның балалары өздерінің серпінділігімен және шығармашылық ойымен ерекшеленеді.
"Сондықтан "Жайдарман" олар үшін ойынның қыр-сырын игеретін алаң ғана емес, сонымен қатар оған өзінің жаңа көзқарастарымен, идеяларымен мен жаңа шешімдерімен бөлісетін алаң болуы мүмкін", - деді Есен Елеукен.
Балалар не туралы әзілдеді?
Отандық әзіл-сықақтық бағдарламалардың тарихында алғаш рет балаларға арналған әзілдерді балалардың өзді жазды деп сеніммен айтуға болады. Командалардың барлығы дерлік қалжыңдаған басты тақырыптардың бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қордың инвестициялық кірісін қазақстандық балалардың есепшотына аудару туралы бастамасы болды.
Сахнада қойылған әзілдерден заманауи білім сапасы, "бітпейтін" әке мен бала мәселесі, ұрпақ арасындағы мәдени алшақтық секілді мәселелер тек ұстаздар мен ата-аналарды ғана емес, сонымен балалардың өздерін де алаңдататындығы ұғынуға болады.
Mausymashar-2024 жарысына қатысу үшін ірі қалалардан бастап шалғай ауылдарға дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен барлығы 111 команда тіркелген еді, бірақ олардың 82-сі ғана Астанаға барып, әзіл мен күлкі фестиваліне қатысты. Ең көп команда Маңғыстау және Қызылорда облыстарынан барған.
Балалар лигасының қорытынды гала-концертіне тек 14 команда ғана қатысты.
Шамамен есептеп қараса, "Жайдарман" мектеп лигасында 120 мыңнан астам жас қазақстандық ойнаған. Айтпақшы, "Жайдарман" арқылы көпшілікке танылған әзілкештер мектеп кезінен ойнай бастаған. Көбінде мектеп бітірген соң жайдармандықтар университет қабырғасында жаңа командаларды құрған.
Жайдарман Алматыға көшіп жатыр ма?
2024 жылдан бастап Алматыдағы Қ.И. Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің негізінде Jaidarman junior (12-16 жас) лигасы өтеді. Сондай-ақ, Jaidarman Creative Industries компаниясы республикалық "Жайдарман" лигаларының бірін оңтүстік астанаға көшірмек.
Кәсіпқой Жайдарман командаларының ойындары қашан басталады?
Бүгін, 5 ақпанда Астанадағы "Жастар" оқушылар сарайында "Жайдарманның" кәсіпқой командалары үшін маусымның ашылу салтанаты өтеді.
Сондай-ақ кестеде:
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз