“Ұлттық қор - балаларға“ бағдарламасы аясында төлем мөлшері артуы мүмкін

"Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы бойынша төлем мөлшері артуы мүмкін. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, алдағы үш жылда Ұлттық қордан 5 триллион теңге алу жоспарланғанына қарамастан, оның активі өседі деп болжанып отыр. Сонымен қатар, қордың инвестициялық табысы да артуға тиіс. Демек, балалардың шотына аударылатын сома да көбеюі мүмкін.

"Кез келген жағдайда біз инвестициялық басқарушы ретінде қамтамасыз ететін инвестициялық табыс өседі. Тиісінше, балалардың шотына есептелетін сома да артады", - деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.

Айта кетейік, "Ұлттық қор - балаларға" - Қазақстанда 2024 жылы іске қосылған мемлекеттік бағдарлама. Соған сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа толмаған барлық Қазақстан азаматына тең бөлінеді.

Биылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша бағдарлама аясында тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім алуға 62,7 миллион доллар бағытталған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!