Ұлттық компаниялардың таза пайдасын мемлекетке беру керек - депутат

Ұлттық компаниялардың таза пайдасын мемлекетке беру керек - депутат
Фото: Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Қазақстанда бюджет тапшылығы болу қауіп-қатері жоғары. Сондықтан орынсыз шығындарды қысқартып, квазимемлекеттік сектордағы ұлттық компаниялардың таза пайдасын 100% бюджетке беру керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттық сауал премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.

"Биыл еліміз бойынша бюджет тапшылығы болу қауіп-қатері жоғары. Бүгіннің өзінде, бюджетті толтыру бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді. 2024 жылы Қазақстанның шығыны – 24 трлн теңге. Оның 16,5 трлн теңгесі – табыс, 3,6 трлн теңгені Ұлттық қордан аламыз, 4 трлн теңге құнды қағаздардан түсіп отыр. Жалпы бюджет тапшылығы – 7,5 трлн теңге", - деді Мархабат Жайымбетов.

Ол бюджетті толықтыру үшін қаржыны ұлттық компаниялардан алу керек деген ұстанымда.

"Біріншіден, квазисектордың таза пайдасын бюджетке беретін уақыт келді. Осы секторға жақсы аналитикалық талдау жасап, дұрыс жолға қойса, Қазынамызға ең кемі 3 трлн теңге түсіруге болады. Екіншіден, квазисектордың сатып алу жүйесі мен механизмдерінде әлі де ашықтық жоқ. Сондай-ақ Ұлттық компанияларға құны 1,6 миллиард теңге болатын чартерлік рейстер неге қажет?", - деді депутат.

Жайымбетов салық жеңілдіктерін азайту керектігін айтты.

"Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, қолданылған салық жеңілдіктер сомасы 2022 жылы – 9,5 трлн теңге болған. Бұл бюджетке түспеген қаржы. Басты кемшілік – жеңілдіктердің саны мен құрылымы пысықталмаған және жеңілдіктер белгісіз мерзімге, ешқандай мақсатты индикаторларсыз енгізілгенін.

Салық кодексіндегі жеңілдіктердің саны – 485. Бұл едәуір көп. Біз алдымен 30% қысқартсак, шамамен бюджетке 1,3 трлн теңге қаражат түсіруге болады. Мұны тереңірек зерделесек, болашақта 50% жеткізуге болады", - деді ол.

Оның пікірінше, кейбір салықтық жеңілдіктер тиімділігін көрсетпей отыр.

"Мысалы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату және импорттау айналымы қосымша құн салықтан (НДС) босатылған. Бірақ, осы салықтан босату – дәрілер мен медициналық бұйымдардың бағасының түсуіне әсер етпеген. Сондай-ақ мемлекет беретін жеңілдік іс жүзінде импорттаушылар мен сатушылардың коммерциялық мүдделеріне ықпал етеді, ал бюджетке кіріс келтірмей отыр. Көбіне, жеңілдіктердің негізгі алушылар – ірі компаниялар. Әлемдік экономика сарапшылары Қазақстандағы салық жеңілдіктері тым жомарт деген баға берген. Дамыған елдерде салықтық жеңілдіктер инвесторларды тартатын, қызықтыратын аса бір қажет тармақ болып саналмайды", - деді Мархабат Жайымбетов.

Депутат бюджет тапшылығы мәселесін шешу үшін өз ұсынысын жеткізді:

  1. Салықтық жеңілдіктерге толық ревизия жасап, шетелдік тәжірибиені қарап, алдымен 30%-дан астамын қасқарту қажет, яғни
    150-ге жуық түрін қысқарту.
  2. Ұлттық қордан қайта-қайта қомақты қаржы алмау үшін жиналған қаржыны тиімді басқару процесін жетілдіріп, квазисектордың таза пайдасын 100% бюджетке беру.
  3. Ұлттық компаниялардың, әсіресе «Самұрық-Қазына» қорындағы тендерлерді – бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесіне көшіріп, мемлекеттік сатып алу заңының қолданылу аясына ауыстыру қажет. Сонда ғана 100% ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ете аламыз.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz