• 521.98
  • 490.7
  • 5.16

Ұлттық компаниялар табысы жайлы Парламентке есеп беруі тиіс - Сабильянов

Ұлттық компаниялар табысы жайлы Парламентке есеп беруі тиіс  - Сабильянов
Фото: massaget.kz

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов мемлекеттің қатысуымен құрылған компаниялар Парламентке есеп беруі тиіс әрі осындай талапты заңға енгізу мәселесі қазір қаралып жатқаны туралы  айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы massaget-тің YouTube арнасына Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов сұхбат берген болатын.

Нұртай Сабильяновтың айтуынша, Мәжіліс депутаттары ұлттық компаниялардың таза табысының 80%-ын мемлекетке дивиденд ретінде төлеуді ұсынады. Оның пікірінше, бұл қадам бюджетті толықтырып, елдің қаржылық жағдайын жақсартуға көмектеседі. Бірақ Үкімет оны 50 пайыз межесінде болуы тиіс деп есептейді. Оның келтірген мәліметі бойынша "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының табысы тиісті бақылауға алынбай отыр.

"Өйткені "Самұрық-Қазына" өз есебінен әртүрлі іс-шараларға былтырдың өзінде 140 млрд теңге жұмсады. Бұл қаражат өзінің дамуына емес, экономикаға емес, спорт командаларына демеушілік жасау үшін ғана жұмсалды. Бұл халықтың ақшасы. Бұл тек халықтың бақылауында болуы керек", - дейді Сабильянов мырза.

Айта кетейік, квазимемлекеттік сектордан түсетін таза табыстан дивиденттің қазынаға берілетін белгілі бір мөлшері жоқ. Қазіргі заңнамаға сәйкес оның көлемін бас құрылтайшы ретінде Үкімет белгілейді. 

"Мемлекеттің қатысуымен құрылған компаниялардың парламентке есеп беруін қамтамасыз ету мақсатында біз осының бәрін қарастырып, ұсыныс енгізіп жатырмыз. Сол арқылы қаражатты бақылауды қолға алуымыз керек", - деді Сабильянов.

Мұндай қадамға мәжіліс депутаттары республикалық бюджетке түсімдерді арттыру үшін барғалы отыр. Өйткені таяуда 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды талқылау кезінде қазынаның кірісінен шығысы (түсімдер 21,7 трлн теңге болса, шығын 25,8 трлн теңге) басым екені белгілі болды. Тапшылық -  4 трлн 1 млрд теңге. Бюджет бүйірін толтыру үшін 2025 жылға Ұлттық қордан 5,3 трлн теңге бөлініп отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

E. Aitkazina