- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутаттық сауал
Ұлттық кино эксперимент жасайтын орган ба? “Ақ жол“ партиясы
Бүгін Парламент Мәжілісінде "Ақ жол" партиясы бір топ өнер адамдарының кино саласына қатысты уәжін жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Халық қалаулылары сауалды үкімет басшысы Бектеновке жолдап отыр.
Айтуларынша, кейінгі жылдары мәдениет саласы - наразылықтар шеруіне, ақпарат саласы - соттасу алаңына айналған.
"Тек соңғы 6 айдың ішінде мәдениет қайраткерлері Мемлекет басшысы мен Парламенттен көмек сұрап, 6 рет ашық хат жазды. Яғни айына бір хаттан келеді. 12 қарашада екі Еңбек Ері - Асанәлі Әшімов пен Дулат Исабеков бастаған, Халық әртістері мен Халық жазушылары қостаған әйгілі мәдениет қайраткерлері кино саласындағы қалыптасқан ауыр ахуалға наразылық білдіріп, Мемлекет басшысынан жағдайды бақылауға алуды сұрап, тағы да ашық хат жазды", - дейді депутаттар.
Белгілі болғандай, ашық хатта:
"Кино өндірісіне жауапты орындарда бұл салаға қатысы жоқ бөгде адамдар отыр, жемқорлық жайлаған киноға бөлінген миллиардтаған теңге талан-таражға салынуда. Бұл саладағы деградацияны тоқтатпаса, жағдай қиындайтын түрі бар. Мәдениет министрлігі қазақ киносындағы жағдайды реттемек түгілі, басын алып қашып отыр. Мәдениет саласына мәдениетті білетін басшы керек!" - делінген.
Ақжолдықтардың сөзінше, мәдениет министрлігі өздерінің қателіктерінен шыққан дауды тезірек шешу орнына, Президентке талай үндеу жасалып жатса да, соңғы үндеуден бері он күннен асса да, министр түгілі, министрліктің бірде-бір өкілі "Қазақфильмге" әлі бас сұқпаған.
"Қазақфильм" киностудиясында да, Ұлттық киноны қолдау орталығында да - бірде-бір кино саласының маманы жоқ. Бұл "ауруханада бірде-бір дәрігер жоқ" дегенмен бірдей сұмдық жағдай емес пе?! Сонда біз Ұлттық киномыздың тағдырын кімдердің қолына тапсырып отырмыз?! Мәдениет саласына мәдениеттен хабары жоқ кім көрінгенді басшы қылатындай мәдениет салалары, ұлттық кино эксперимент жасайтын орган ба?", - дейді депутаттар.
Бұған дейін, депутат Ринат Зайытов Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан мәдениет ошақтарына қатысты сауал қойған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
E. Aitkazina