- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұлттық қауіпсіздік органдарына...
Ұлттық қауіпсіздік органдарына қатысты маңызды деректі танысына айтып қойған банк қызметкері сотталды
Банктің заң кеңесшісіне арнайы операцияны бұзғаны үшін сот үкімі шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты соталды тергеу жүргiзуге кедергi жасау дерегі бойынша Б.-ға қатысты істі қарады. Б. қызметтік міндетін атқару кезінде соталды тергеуден түскен сауалда танысы туралы мәліметті көрген. Кейін ол танысы К.-ге қоңырау шалып, қылмыстық іс бойынша оның туысына қатысты мәліметті хабарлаған.
"Банк қызметкері Б.-ның әрекеті салдарынан ұлттық қауіпсіздік органдарының Астана қаласына атыс қаруы мен оқ-дәрілерді жеткізудің жолын кесуге бағытталған арнайы операциясы бұзылды. Осылайша, Б. өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, соталды тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қызметіне қасақана араласқан. Бұл ұлттық қауіпсіздік органдарының қылмыстық істің алдын алуға бағытталған операциясының жүзеге асуына қауіп төндірген", - деп жазылған хабарламада.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамалары мен мамандардың қорытындыларымен дәлелденді.
Сот үкімімен Б. 1 жыл мерзімге банк қызметі саласында белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 1 жылға бас бостандығынан шектелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова