- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ұлттық қауіпсіздік мәселесі"....
"Ұлттық қауіпсіздік мәселесі". Аида Балаева хиджаб пен никабқа қатысты сұраққа жауап берді
Қазақстанда кейбір діни киімдерді киюге шектеулер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министр журналистің "никаб, хиджаб пен қысқа шалбарға тыйым салына ма?" деген сұрағына жауап берді.
"Бұл нормаларды біз міндетті түрде зерттеп, ұсынатын боламыз. Ең болмағанда қоғамдық орындарға қатысты. Бүкіл әлемде мұндай тәжірибені байқап жүрмін. Өйткені бұл - ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Қоғамдық орындарда беті жабылған адамдарды тану (адамның жеке басын анықтау - еск.) өте қиын. Бұл қоғаммен бірге зерттелетін болады. Ал біз уәкілетті орган ретінде осы бағытта заңнамалық нормаларды қатаң етуге жұмыс істейміз", - деді Аида Балаева ОКҚ брифингінде
Ол заңға өзгерістер енгізу немесе жаңа заң жобасын әзірлеу біраз уақытты қажет ететінін айтты. Алдымен жұмыс тобы құрылып, түзетулер тұжырымдамасы талқыланады, кейін заң Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының реестріне енгізіледі, содан кейін ғана Мәжіліс пен Сенатқа жіберіледі.
"Осы жерде депутаттық бастама болғанын ескере отырып, бұл мәселені алдағы уақытта депутаттық корпуспен бірге қарастырамыз деп ойлаймын", - деді Балаева.
"Балаларымыз есейіп, өз таңдауын жасағаны дұрыс". Президент мектепте хиджаб кию мәселесіне тоқталды
Айта кетейік, бұған дейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да мектепте хиджаб кию мәселесін көтерген еді.
"Қазір әлеуметтік желіде мектептерде хиджаб кию мәселесіне қатысты талқы тоқтар емес. Осыған байланысты, діни салаға жауапты лауазымды тұлға ретінде, өз тарапымнан түсініктеме беруді жөн көріп отырмын. Ата заңымызға сәйкес Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Бірақ біз - зайырлы елміз! Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселесі діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді. Өйткені білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді. Ал Конституциямыз бойынша мектептің міндеті - ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету. Сондықтан да мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын", - деген еді министр.
Кейін Үкімет отырысында Ғани Бектайұлына "хиджаб киюуге рұқсат бересіздер ме, жоқ әлде бермейсіздер ме" деген сұрақ қойылған болатын. Министр бұл сұраққа жауап беруден жалтарды.
"Біз бірнәрсені түсінуіміз керек. Біз бәріміз оған келістік, Конституцияда жазылған, біз зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан Конституцияға сәйкес мектептерде өмір сүруі керек деп есептейміз", - деген еді шенеунік.
Кейінірек министр даулы мәселеге қатысты тағы да пікір білдірді. Сонымен қатар, бұрынғы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қазақстанның ұстанымын айтты.
Еске салайық, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Бағдат Самединова хиджаб киюге қатысты пікір білдірген еді.
"Біздің ата-бабамыз кезінде хиджаб жамылып, жүзін жасырған жоқ қой. Енді сол бола берсе, қажеті не сол хиджабтың. ... Хиджаб киіп жүрген қыздардың хиджабты ашып жіберген неше түрлі жағдайын көрдім. Мен соған жалпы риза емеспін. Басқа елді білмеймін, бірақ біздің қазаққа хиджаб кию үйлеспейді әрі жараспайды", - дейді ол.
Тағы да оқи отырыңыздар: Бала неге сабақ оқығысы келмейді?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек