- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұлттық галереяда жас...
Ұлттық галереяда жас суретшілердің көрмесі ашылды
«Астана» Ұлттық сурет галереясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМ – ТІРЕГІМ» дөңгелек үстелі өтті. Шара аясында Тәуелсіздік кезеңінде қалыптасқан 25 жас суретшінің туындыларынан құралған көрме ұйымдастырылды, - деп хабарлады ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – іргелі еліміздің Тәуелсіздігін ұлықтау, Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан дарынды жастардың шығармашылық өнерін насихаттау, жаңа есімдерді қалың жұртшылыққа таныстыру және елдің мәдени дамуына қомақты үлес қосатын жас өнерпаздардың бастамаларына қолдау көрсету, өскелең ұрпақ бойындаа өнер мен мәдениетке құштарлық, азаматтық белсенділік, өз ойын өнер арқылы жеткізе білу сынды қасиеттерді қалыптастыру үрдісіне атсалысу.
Қонақтар назарына Гүлмарал Тәтібаева, Анар Әубакір, Бейбіт Әсемқұл, Жеңіс Молдабеков сынды еліміздің жас әрі дарынды суретшілері бейнелеу өнерінің түрлі жанрындағы жұмыстары ұсынылған болатын. Олар – пейзаж, натюрморт, тарихи және тұрмыстық мәнердегі картиналар, мүсіндер мен қыш бұйымдары. Сонымен қатар заманауи стильде жасалған қолданбалы өнер: текемет, гобелен, ши, сырмақ және т.б. көптеген туындылар да көрмеден орын алды.
Ұсынылған жұмыстар ұлттық көріністерді қамтып, мәдениет пен ұлттық салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттайды.
Дөңгелек үстел аясында еліміздің тәуелсіздігі кезінде мәдениет және өнер саласындағы жетістіктері, шығармашылық жоспарлары туралы әңгіме болып, жас суретшілердің әлемге танымал музейлермен, галереялармен бірлесе жасаған жұмыстары талқыланды.
Жас суретшілер өз шығармашылықтарында ел тәуелсіздігінің басты тақырып болғанын баяндап, өз ойларын ортаға салды.
T. Кіршібаев